«ТУҒАН ЖЕР» – ҰЛТТЫҚ ПАТРИОТИЗМНІҢ ӨЗЕГІ
«Байқоңыр-Инвест» инвестициялық форумы аясында секция жұмысының бірі «Туған жерге тағзым» тақырыбымен өтті. Секция модераторы, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов кіріспе сөзінде туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі екендігіне тоқталып, бағдарламаның мақсатын таныстырды. Секция жұмысын облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев ашып, құттықтау сөз сөйледі.
Елбасы «Туған жерге деген іңкәрлік - туған елге деген сүйіспеншілікке ұласады, туған жерге қамқорлық – туған жерге жанашырлықпен астасады» деп атап өткендей «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің өзегі іспетті осындай ниеттер мен ізгі шараларды жүйелеп, ортақ игілікке айналдыруды көздейді, – деді облыс басшысы.
Секцияға Сырдан шыққан руханият қайраткерлері, "Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткері", "Құрмет", «Парасат» ордендерінің иегері, композитор Кеңес Дүйсекеев, «Айқын» газетінің бас редакторы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік сананы модернизациялау бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі Нұртөре Жүсіп, «Нұр-Мүбарак» университетінің проректоры Шамшәдин Керім, белгілі айтыскер-ақын Мейірбек Сұлтанхан қатысып, өз лебіздерін білдірді.
Секцияда «Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі Бақберген Досманбетов Сырдария өзенінің сол жағалауынан кампус салу, «Аралтұз» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Дәурен Мұқашев Арал өңіріндегі сода зауытын салу жобаларымен таныстырды.
Секция жұмысының қорытындысында облыста салынатын құрылыстарға демеушілік жасау жөнінде 7 меморандумға қол қойылды. Облыс әкімдігі мен мұнай компаниялары арасында жасалған келісімге сәйкес Қызылорда қаласында спорт алаңы салынады. Келісімге «Торғай Петролеум» АҚ атынан бас директор Сағит Алтынбеков қол қойды.
«Дағдарыс жағдайына тап болған балалар мен аналарға арналған әлеуметтік қонақ үй» жобасын және ғылыми-зерттеу мен тәжірибелі контрукторлық жұмыстарға «Криптографикалық тәсіл арқылы ақпаратты қорғау» Қорқыт Ата атындағы ҚМУ жанындағы өңірлік инновациялар офисі жобасын қаржыландыру үшін облыс әкімдігі мен «Құмкөл Транс Сервис» ЖШС (атқарушы директор Жандос Асылханов) арасында келісім жасалды.
Облыс әкімдігі мен «Галаз және Компания» ЖШС атынан бас директор Дәулет Бәйкенов қол қойған келісімге сәйкес Қармақшы ауданында спорт алаңы құрылысын жүргізіледі.
Сондай-ақ, облыс әкімдігі мен «CNPC «Айдан Мұнай» АҚ президенті Лю Шаою «Өңірлік инновациялық офисті жүзеге асыру бойынша бірлескен қызметке демеушілік көмек» жөнінде келісім жасасты.
Осындай келісім облыс әкімдігі мен «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ (басқарма төрағасы Цинь Хунвей қол қойған) арасында да жасалды.
Облыс әкімдігі мен «Болашақ» университеті атынан ғылыми жетекші Бақберген Досманбетов қол қойған келісімге орай Сырдария өзенінің сол жағалауында студенттік қалашықтың құрылысы салынады.
Секцияда жасалған келісімге сәйкес Сырдария ауданында спорт алаңы құрылысын жүргізуге «ҚОР» Мұнай компаниясы» АҚ (бас директор Марат Нұрпейісов қол қойған) демеушілік етеді.