ҚЫЗЫЛОРДАДА ІХ «BAIKONYR INVEST» ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ФОРУМЫ БАСТАЛДЫ
Қызылордада халықаралық әріптестікті дамытуға арналған ІХ «Baikonyr invest» инвестициялық форумы жұмысын бастады.
Форумға халықаралық және отандық бизнес саласының өкілдері, қаржы институттары мен корпорациялардың, ғылыми-зерттеу институттарының жетекшілері, сондай-ақ, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран, Турция, Оңтүстік Корея, Польша және басқа да мемлекеттердің делегациялары қатысуда.
Инвестфорумды Қызылорда облысының әкімдігі "KAZAKH INVEST" Ұлттық компаниясы» АҚ қолдауымен ұйымдастыруда.
Форум аясында қатысушылардың инвестициялық жобаларының көрмесі, сонымен қатар Ресей, Иран, Қытай және Өзбекстан елдерімен өзара ынтымақтастықтың келешегі тақырыбында секциялық отырыстар, В2В, G2B, G2G кездесулер өтті. Нәтижесінде ынтымақтастық туралы отызға жуық келісім мен меморандумға қол қойылды.
Инвестфорумның пленарлық отырысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысушыларға сәттілік тілеп, аймақтың инвестициялық мүмкіндіктері туралы баяндады.
«Бізбен әріптестік орнатуға ниетті азаматтарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз. Біз инвесторлардың барлық тиімді ұсыныстарын қолдаймыз. Оларға қолайлы жағдай жасауға дайынбыз Ең бастысы, жүйелі жұмыс жүргізетін іскер азаматтармен әріптес болуды көздейміз»,- деді аймақ басшысы.
Форумның пленарлық отырысында ҚР Сыртқы істер вице-министрі Ғалымжан Қойшыбаев, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Еркін Шаймағамбетов және әріптестікке мүдделі компаниялар, дипломатиялық өкілдіктер мен халыаралық және отандық қаржы ұйымдарының, даму институттарының өкілдері сөз сөйледі.
Форумның екінші күнінде меймандар түркі әлемінің абызы Қорқыт ата кешені және «Байқоңыр» ғарыш кешенінің мұражайымен танысады деп жоспарлануда.
Еске сала кетейік, «Baikonyr Invest» инвестициялық форумы 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Бүгінге дейін 8 форум ұйымдастырылып, нәтижесінде 100-ден астам меморандум жасалды. 100 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. Олардың қатарында шыны, цемент және ферроқорытпа зауыттары секілді үлкен инвестициялық жобалар бар.