КЕЛЕЛІ КЕЛІСІМДЕР ЖАСАЛДЫ
Челябинскіде өткен Ресей мен Қазақстан өңіраралық ынтымақтастығының ХIV форумында «Роскосмос» Мемлекеттік корпорациясы бас директорының бірінші орынбасары Александр Иванов пен ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға беру келісіміне өзгеріс енгізу туралы хаттамаға қол қойды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Құжатқа сәйкес Ақай және Төретім кенттерінің маңындағы 11,6 мың гектар Ресей тарапынан жалға алудан шығарылды және ол аумақ әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту үшін Қызылорда облысына берілді.
Сондай-ақ, форум аясында РФ Денсаулық сақтау министрі Вероника Скворцова мен ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2009 жылғы 17 қарашадағы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағын Ресей Федерациясы жалға алу жағдайында «Байқоңыр» ғарыш айлағы қызметкерлеріне, Байқоңыр қаласының және Төретам, Ақай ауылдарының тұрғындарына, медициналық қызмет көрсету» келісіміне өзгеріс енгізу туралы хаттамаға қол қойған.
Хаттамада «Байқоңыр» кешенінде, Ақай және Төретам кенттерінде тұратын және жұмыс істейтін қазақстандықтарға медициналық қызмет көрсету жүйесін жетілдіру көзделген.