ЭЛЕКТРОНДЫ ТҮРДЕ КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТ САНЫ АРТТЫ
Өңірлік коммуникация қызметінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басқарма басшылары Т.Нұртаев пен Қ.Әбілдаев мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және оны бақылау салалары 9 айда атқарылған жұмыстар жайлы БАҚ өкілдеріне брифинг берді.
Жыл басынан бері облыста 387 қызмет түрі көрсетіліп, былтырғы жылмен салыстырғанда 13 қызмет түріне артқан. Бұл саладағы жаңалық – электронды түрде көрсетілген қызметтердің саны былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 есеге көбейіп, үлесі 31% құрады.
Сонымен қатар, спикерлер есептік мерзімде, департамент тарапынан ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 465 бабымен 2 тұлғаға қатысты 3 әкімшілік хаттама толтырылып, мемлекеттікке 340 350 теңге өндірілгенін атап өтті.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнамасының сақталуы бойынша департамент 31 тексеру жүргізіп, 17 204 заң бұзушылықтар анықталды. Мемлекеттік органдарға мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру бойынша 87 ұсыным енгізілді, оның 68-і орындалды, 19 ұсыным орындалу барысында, – деді Т. Нұртаев.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында үстіміздегі жылдың мамыр-қыркүйек айлары аралығында мемлекеттік қызмет көрсету барысындағы әкімшілік кедергілерді анықтау, жою және алдын алу мақсатында 47 мемлекеттік органда жасырын сатып алу жобасы жүргізіліп, 124 заң бұзушылық анықталған, қазіргі таңда барлығы қалпына келтірілді.
Сондай-ақ, алғаш рет шалғай орналасқан елді мекен тұрғындарына мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді насихаттау мақсатында «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкесі» өткізілді. Шараға халықтың сұранысы жоғары жер, тұрғын үй, әлеуметтік, құрылыс, білім, көші-қон, әділет, салық салалары бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтер насихатталып, 200 жуық қызмет алушыға кеңестер мен қызметтер көрсетілді.