ЖАСТАРМЕН ЖҮЗДЕСУДЕ ЖОЛДАУДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалында Елбасы Жолдауының жүзеге асырылуын талқылау мақсатында мәслихат депутаттары жастармен кездесті. Қалалық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов төрағалығымен өткен жиынға облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттары, бірқатар мемлекеттік орган басшылары мен жастар қатысты.
Кездесуді ашқан Шәріп Әбдірахманов Елбасының әр жылғы Жолдауы - тарихи құжат екендігін айтып, оның стратегиялық маңыздылығы мен белгілі бір мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталғанын жеткізді. Сонымен қатар Жолдауда Елбасы ел жастарына ерекше тоқталып, оларды әрдайым қолдап отыратынын тілге тиек етіп, ел дамуындағы жастардың рөліне тоқталды.
- Кез-келген мемлекеттің дамуы, болашағы сол елдің жастарына байланысты. Біздің алдымызға қойылып отырған ортақ міндет - 30 дамыған елдің қатарына ену болса, міне, осы жолда сіздердің, жастардың алар орны ерекше, - деді Шәріп Әбдірахманов.
Облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутатық фракциясының мүшесі Жорабек Нұрымбетов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 26 жыл ішінде жастардың қазіргі заман талабына сай білім мен тәрбие алуларына жағдай жасап, сол бағытта «Болашақ» бағдарламасын ұсынғанын атап өтті.
- Бұл бағдарлама бұрынғы Кеңес үкіметі құрамында болған елдердің ішінде тек біздің мемлекетте ғана жүзеге асырылып келеді. «Болашақ» бағдарламасының арқасында жастарымыз Америка, Еуропа, Азияның мықты деген жоғары оқу орындарында білім алып келіп, қазір еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етуде. Бұл Елбасының жастарды әрдайым қолдап, оларға үлкен сеніммен қарайтынын білдіреді, - деді ол.
Шиелі аудандық мәслихатының депутаты Нәйлә Палымбет белсенді жастар өңіріміздің және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосуда, оларды қолдау бізге міндет екенін атады.
Кездесуде жастар халық қалаулыларына өздерін толғандыратын сауалдарын жолдап, тұщымды жауап алды.