ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТІҢ ЖАҢА МӘРТЕБЕСІ
Халықаралық аккредиттеуден өткен әлемдегі білім ошақтары қатарын Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі толықтырып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, 30 қыркүйекте Қызылордаға халықаралық мектептер (CIS) ұйымының сарапшы тобы келген еді. Алдыңғы қатарлы білім беру әдістерін әзірлейтін халықаралық білім беру жүйесіндегі ұйым өкілдері сапар аясында мектеп командасының жұмысымен танысты, әкімшілік ғимаратты көріп, оқушылармен кездесіп, олардың ата-аналарымен әңгімелесті.
Ресей, АҚШ, Венгрия, Катар, Әзірбайжан елдерінен келген топ өкілдері мектептегі білім беру үдерісі мен оқушыларға жасалған жағдайларға баға берді. Сарапшылар сабақтарға, үйірмелік дәрістерге, спорттық секцияларға қатысып, мектептегі тамақтану мәзірін көрді. Жұмысшы топтармен «Оқу және оқыту», «Менеджмент және көшбасшылық», «Мектеп қоғамдастығының мәдениеті және ынтымақтастығы» және «Операциялық жүйелер» стандарттары бойынша әңгімелесу өткізілді.
Халықаралық аккредитациялау мектептің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.