ҚЫЗЫЛОРДА КӘСІПКЕРЛЕРДІ «ЖАҢА ҚАЛА» ЖОБАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА ШАҚЫРАДЫ
Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен бизнес-қауымдастықпен кездесуде Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев айтты.
Қала басшысы кездесуде аймақ кәсіпкерлеріне Қызылорда қаласының сол жағалауын дамыту мақсатында қолға алынған «Жаңа қала» жобасын таныстырды.
Айта кету керек, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 1532 гектар аумақтың түбегейлі жоспарлау жобасы жасалып, бүгінде алғашқы құрылыстар басталып кетті.
Бұл аумақта 3 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй, 190 мың шаршы метр сауда, кеңсе ғимараттары, 16 мектеп, 12 балабақша, 4 денсаулық нысаны және басқа да көптеген кәсіпкерлік нысандарірге көтереді деп жоспарлануда.
Сол жағалауды кешенді игерудің 1-ші кезеңі - сол жағалау алаңының және қажетті инфрақұрылымдарының құрылысы 2017-2024 жылдар аралығында жоспарланса, алғашқы қадамы ретінде былтырғы жылы Сырдария өзенінің екі жағалауын байланыстыратын жоба құны 6 млрд теңге құрайтын автомобиль көпірі пайдалануға берілді.
Биыл Сырдария өзенінің сол жағалауынан 5 қабатты 18 тұрғын үйдің және 320 орындық балабақшаның іргетасы қаланып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Пайдалануға тапсыру мерзімі 2018 жылдың бірінші жарты жылдығы болып белгіленді. Ең бастысы, бұл нысандар құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен салынуда.
Сонымен қатар, аталған аумақта «Қазақ Орталық Атқару Комитеті» мұражайы, «Жастарға қызмет көрсету» орталығы, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығының ғимараттары бой көтеруде.
Шарада, қала басшысы кәсіпкерлерді сол жағалауды игеру шараларына белсенді қатысуға шақырды. Ол үшін тиісті әкімшілік қолдау көрсетуге әзір екендігін жеткізді.
«Сол жағалауды игеруде барлық ұсыныстарыңызды қарауға әзірміз. Әкімшілік тарапынан қажетті жағдайды жасауға дайынбыз. Әзірге жерді уақытша пайдалануға беріп жатырмыз. Бір жылдың ішінде құрылыс жұмыстары жүріп, жұмыс басталып кетсе әрі қарай кәсіпкерлерге заңдастырып береміз. Біздің мақсат млрд.теңгеден астам қаржыны талап ететін ірі жобаларды салуда емес. Егер шағын жобаларыңыз болса оны қарастырайық. Келіңіздер! Белсенділік танытыңыздар», - деді қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Айта кету керек, сол жағалауда игеруде Кәсіпкерлер палатасы да өз кезегінде жан-жақты қолдау көрсетуге әзір. Ол үшін бизнес-жоспарларды, өзге де құжаттарды тегін әзірлеп беруге дайын.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі