СЫРДАРИЯНЫҢ СОЛ ЖАҒАЛАУЫНДА ЖАҢА ҚАЛАНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛЫП КЕТТІ
Жүйелі жоба, ұтымды идеяңыз болса, мархабат. Себебі онда іскер қауымдастыққа жаңа мүмкіндіктер ұсынылып отыр. Қызылорда қаласы әкімдігі барлық бизнес жоспарларды бірге қарап, қолдау көрсетуге дайын. Бүгінгі таңда өңірде аумағы мың жарым гектарды құрайтын жаңа қаланың құрылысы басталып кетті. Қазірдің өзінде 18 көпқабатты тұрғын үй мен 320 орындық балабақша бой көтерді. Жалпы сол жағалауда 3 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй, 16 мектеп, 12 бөбекжай, 4 денсаулық сақтау нысаны және сауда орталықтары салынады деп жоспарланған. Шіркейлі каналының үстінен көпір түсіп, сол арқылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізіне тікелей шығуға мүмкіндік туады. Облыстық кәсіпкерлер палатасы өз тарапынан кәсіп ашуға ниетті жандардың бизнес жоспарын тегін жасап бермек.
Нұрлыбек Нәлібаев, қала әкімі:
– Коммерциялық жобалар, сол мақсаттағы жобалар жүзеге асады деп есептейміз. Біраз қызығушылық білдіріп жатыр. Жерді аукцион арқылы тапсырып жатырмыз. 1 жыл мерзімге береміз. Құрылыс басталып, ары қарай қызу құрылыс қарқын алғаннан кейін өздерінің аттарына аударып береміз. Өйткені көп кәсіпкерлер, өкінішке қарай, жерді алады да құрылыс салынбай, бос тұрады. Сондай жағдай қайталанбас үшін 1-кезекте 1 жылға беріп жатырмыз.