ҚЫЗЫЛОРДАДА ОҚУШЫЛАР АРАСЫНДА ШАХМАТТАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ
Бүгін Қызылордадағы №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасовтың кубогы үшін оқушылар арасында ХII республикалық шахмат турнирі басталды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің осы спорт түрінен дарынды оқушыларды тауып, дайындау мақсатындағы бастамасы аясында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған турнирге еліміздің барлық өңірлерінен 160-ден оқушы мен Ресейдің Челябі облысының «Вертикаль» шахмат клубы мүшелері, Қырғызстанның жас шахматшылары қатысады.
«Достық» үйінде өткен турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Р. Рүстемов, «Дарын» РҒПО директоры Ш.Қирабаева және халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов қатысты. Осыдан кейін облыстық баспасөз орталығында БАҚ өкілдерімен кездесу ұйымдастырылып, онда халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов ақыл-ой спорты саналатын шахматтың баланы жан-жақты дамытудағы ролі туралы айтып берді. Бұл кездесуге Сырдың жас шахматшылары Әсел Серікбай мен Назерке Нұрғали де қатысты.
Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен өтіп жатқан турнир 9, 13 және 17 жасқа дейінгі үш жасаралық топтар арасында щвейцария жүйесі бойынша 9 турдан өтеді. Төрешілер алқасы әр топтағы ұлдар мен қыздар арасында жекелей есепте жеңімпаздарды анықтайды. Сонымен қатар, команданың барлық қатысушыларының жинаған ұпай сандарының жалпы есебі бойынша ең үздік шахматшылар командасын анықтайды.
Турнирдің жабылу салтанатына орай ұйымдастырылатын шаралар 5 қарашада «Достық» үйінде өтеді.