ҚЫЗЫЛОРДАДА АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІ АРАСЫНДА ВОЛЕЙБОЛДАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ
Қызылорда қаласының «Мұз айдынында» волейболдан ауған соғысы ардагерлері арасындағы республикалық турнир ұйымдастырылды.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев шараның ашылу рәсіміне қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Қанша адамның отбасына өшпес жара салған бұл соғыстың аяқталғанына да 30 жылға жуықтады. Әр халықтың, әр адамның қасиетті борышы – Отаным деп жанын пида еткен азаматтарын мәңгі есте сақтап, құрметтеу, жас ұрпаққа отансүйгіштіктің үлгісі ретінде насихаттау. Бүгінгі жарыстың мақсаты – біріншіден, ауған соғысының ардагерлерін құрметтеу, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, Отан үшін отқа түскен, жат жерде көз жұмған азаматтарымызды еске алу, екінші жағынан бұқаралық спортты дамыту. Бүгінгі таңда облысымызда осы спорт түрімен 25393 адам шұғылданса, оның ішінде 14 балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде 1143 бала тәрбиеленуде. Облыста волейболды дамыту үшін былтыр «Қайсар» волейбол ойын түрлері клубын құрдық», - деді аймақ басшысы.
Өңірде спорт саласын дамытуға жасалған қолдаудың арқасында спортшыларымыз биік белестерді бағындырып жүр. Олар биылғы жылы Қазақстан чемпионаттарында - 660 медаль жеңіп алса, Азия, Әлем чемпионаттарында - 67 медаль иеленді. Еліміздің Ұлттық құрама командасына 420 спортшы енді.
Сондай-ақ, жарысқа қатысушыларды ҚР Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл құттықтады.
Атап өтейік, 2 күндік республикалық турнирге еліміздің 7 облысынан келген командалар өзара бақ сынасты.