ЖАСТАР КӨШБАСШЫЛАРЫ ЖАҢА ӘЛІПБИДІ ҚОЛДАДЫ
Осыған орай Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері аталмыш құжатпен танысып, оң пікірлерін ортаға салды.
Сондай-ақ аталған мәселеге байланысты жаңақорғандық жастар да бас қосты. «Жаңақорған жастар ресурстық орталығында өткен жиында орталық директоры латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын жан-жақты түсіндірді.
Атап айтқанда, ол ең алдымен Президентіміздің жоғарыда айтқан бағдарламасы аясында көрсетілген ең бірінші міндет, латын қарпіне көшу жұмыстарын бастау жөніндегі тапсырмасына байланысты екенін айтып, сонау Тәуелсіздік таңынан бастап, бұл мәселеге ерекше дайындалып келе жатқанымызды алға тартты. Сонымен қатар, енді, міне, сындарлы шақ туғанда халқымыз үшін, оның ең асыл қазынасы тіліміз үшін аса өзекті жұмысты жұмыла атқарудың бастауында тұрғанымызды жеткізді.
Ал, қатысушы жастар жаңа әліпбиді көпшілік, зиялы қауым және сарапшылар айтып жатқандай жаңғырудың ең маңызды алғышарттарының бірі екенін тілге тиек етті. Дәуір сұраныстарынан, замана қажеттілігінен және келешегіміздің қамына орай әлем халқының жартысынан астамы қолданатын, қазіргі кезеңде шын мәніндегі халықаралық әліпбиге айналған латынға көшу Елбасы айтқандай, терең логикасы бар маңызды қадам, – дейді Жаңақорған жастары.