ҚЫЗЫЛОРДА ЖЫЛУ ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ 5109831 ТЕҢГЕСІН ҚАЙТАРДЫ
– Жыл басынан бері Кәсіпкерлер палатасына мемлекеттік сатып алу процесі аясында жасалған келісім-шарттар бойынша «Қызылордажылуэлектрорталығы» ШЖҚ МКК-нан көрсетілген қызметтер бойынша ақшаларын ала алмай жүрген 10-ға жуық кәсіпкерден арыз түскен болатын. Мәселенің мән-жайын білмек болып Қызылорда жылу электр орталығына сұраныс жолдадық, - дейді заңгер.
ЖК «Аян және К», ЖК «Бекенбай», ЖК «Изтлеуова Б», ЖК «Омахтаев Д», ЖК «Курманов Нұрғиса», «СТАЛЛИТ» ЖШС, «Сұңқар Бизнес» ЖШС, «Орда люкс» ЖШС-тері мемлекеттік сатып алу бойынша жылу орталығының тауарлар мен қызметтерге жариялаған байқауларына қатысып, жеңген лоттары бойынша келісім-шарттарға қол қояды. Шарт бойынша аталмыш кәсіпкерлер орталыққа қажетті түрлі құрал-жабдықтарды жеткізіп беруге міндеттеледі және кәсіпкерлер тапсырысты мерзімінде орындайды. Алайда тапсырыс беруші, яғни жылу орталығы шарт бойынша алыс-беріс актілеріне қол қойылғаннан кейін 30 жұмыс күні ішінде тауарлар мен қызметтердің ақысын төлеуге міндетті болғанына қарамастан талап уақытылы орындалмайды.
Кәсіпкерлерден түскен арыздан кейін палата заңгерлері жылу орталығынан келісім-шарт бойынша көзделген қаржының уақытылы төленбеу себебін, нақты төлеу мерзімін сұратып, мәселені шешу жолдарын қарастырады.
– Біздің араласуымыздан кейін Қызылорда жылу электр орталығы қаржылық қиындықтарға байланысты уақытылы төлеу мүмкіндігінің болмай отырғандығын айтып, қарыздарды кезең-кезеңімен төлеуге уәде берді, - дейді Аида Қаюпова, – Қазір орталық кәсіпкерлерге тиісті 8 млн.теңгенің 5 109 831 теңгесін төледі.
Айта кету керек, осы жылдың 9 айында Кәсіпкерлер палатасына бизнес өкілдерінен 252 өтініш түсті. Нәтижесінде 149 өтініш оң шешіліп, 200-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды.