ҚАРМАҚШЫДА ЕГІН ОРАҒЫ АЯҚТАЛДЫ
Қармақшы ауданының диқандары егін орағын аяқтап, сары күздің шалқар байлығын қамбаға еселеп құйып алды. Биыл аудан бойынша 23702 гектар жерге әртүрлі егіс, бақша дақылдары егілсе, 14209 гектар жерге ауылшаруашылығы саласының негізгі өнімі болып табылатын күріш дақылы отырғызылды.
Аудан диқандарының пейілі мен бейнетіне егін биыл бітік шықты. Оның үстіне ауа райы да оң қабақ танытып, қарасып-ақ тұрды. Егіншілердің табысы өткен жылдан әлдеқайда жоғары. Диқандар 84544 тонна Сыр салысын жинап, егілген күріштің әр гектарынан 59,5 центнерден өнім алуды қамтамасыз етті. Бұл еліміз егемендік алған жылдардың ішіндегі ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Сондай ақ, жаздық бидайдан 2424 центнер, мақсарыдан 1960 тонна, картоптан 9512 тонна, бақша дақылдарынан 11220 тонна өнім жинаса, 60000 тонна мал азығы шөп дайындалды.
Сонымен қатар күзгі егін жинау жұмыстарына 151 трактор, 95 комбайн, 75 жатка, 62 жүк автокөлігі және 139 трактор тіркемесі жұмылдырылды. Мемлекет тарапынан минералды тыңайтқыштар үшін 13 шаруашылыққа 208 млн. теңге, 581,7 тонна І-репродукциялы тұқым үшін 3 шаруашылыққа 38,9 млн. теңге, гербицидтер үшін 10 шаруашылыққа 118,8 млн. теңге субсидия төленді.
Айта кетейік, өткен жылмен салыстырғанда жалпы егіс көлемі 2017 гектарға, ал күріш көлемі 184 гектарға, мал азығы дақылдарының көлемі 612 гектарға, жаңа жоңышқа 557 гектарға, бақша 8 гектарға, көкөніс 24 гектарға, картоп 22 гектарға, мақсары 638 гектарға көбейді.