ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ АЯСЫ КЕҢЕЙДІ
Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасы облыс әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссиясының жұмысшы органы болып табылады. Басқарманың 9 айлық жұмысы қорытындысында бұл бағыттағы істер де сараланды.
Облыс, аудан әкімдіктері жанында құрылған және тікелей әкімдермен басқарылатын комиссиялар тиісті аумақта терроризмнің алдын алу, терроризм зардаптарын барынша азайту және жою мәселелерін қарайды.
Жыл басында облыс аумағында діни экстремизм және терроризм профилактикасын жүргізуші ақпараттық-түсіндірмелік топтардың құрамдары жаңартылды. Бұл бағыттағы жұмыстарды кең ауқымда қамту мақсатында аталған топ мүшелері үшін, сондай-ақ, білім беру, ішкі саясат, ішкі істер, әскери бөлімдер қызметкерлері, ауылдық округтер әкімдері үшін республикалық ақпараттық-түсіндірмелік топ мүшелері, білікті дінтанушылар, психолог және саясаттанушы мамандар шақырылып, облыстық деңгейде және аудандарда арнайы семинарлар ұйымдастырылды.
«Жыл басынан аталған діни экстремизм мен терроризм идеяларына қарсы 2515 іс-шаралар өткізіліп, оған 84 мыңға жуық адам қатысты.
Әлеуметтік желілерде күмән келтірген 426 топ пен қолданушылар анықталып, нәтижесінде дін істері жөніндегі уәкілетті органның шешімімен 180 топқа Қазақстан Республикасында қызметтеріне тиым салынған теріс қорытынды берілді» делінген хабарламада.
Облыс аумағындағы маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілердің инженерлік-техникалық нығайтылуына, қорғалуы мен күзетілуіне зерделеу жүргізіліп, облыс аумағында орналасқан террористік тұрғыдан осал объектілердің тізбесі қайта бекітілді.
Сонымен қатар, облыстық терроризмге қарсы орталық қызметкерлерімен бірлескен түрде Қызылорда қаласы және аудандар орталықтарында террорлық акті қаупі кезіндегі іс-қимылдар, мекеме басшыларының жауапкершіліктері және эвакуция кезіндегі әрекеттер туралы түсіндірмелік жұмыстар жүргізілді.
Жалпы атқарылған жұмыстар нәтижесінде ағымдағы жылдың 9 айында облыста діни ахуал тұрақтылығы сақталып, оқыс оқиғалар орын алған жоқ.