ЭЛЕКТРОНДЫҚ ПОРТАЛ АРҚЫЛЫ ТҮСКЕН СҰРАНЫС АРТТЫ
Архивтік анықтамалар алу үшін жасалатын сұраныстың 69 пайызы электрондық портал арқылы түскен. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Нағима Қуанышева мәлімдеді.
Жалпы, облыс бойынша 11 архив оның 7-і ауданда, 1-і Байқоңыр қаласында орналасқан мекеме 3 бағыт негізінде сұраныстар қабылдайды. Ол Халыққа қызмет көрсету орталығы, «www.egov.kz» электронды веб-порталы және баламалы архив мекемелері арқылы түседі.
Биылғы жылдың 9 айында «Архивтік анықтамалар беру» қызметі бойынша 15 951 сұраныс орындалды. Оның 18 пайызы ХҚКО арқылы, 69 пайызы электронды порталмен, 13 пайызы тікелей архив мекемелерінен келген. Уақыт талабына сай қазіргі уақытта архивтік анықтамаларды «электронды үкімет» порталы www.egov.kz арқылы ешқайда шықпай-ақ, онлайн режимінде алуға болады.
Сонымен қатар, Қызылорда қалалық архивінің басшысы Жұлдыз Байғараеваның айтуынша, қалада 70 мыңнан астам құжат сақталуда. «Сұраныстың 90 пайызын қалалық архив орындайды. Жыл басынан бері 4500-ге жуық сұраныс түскен. Оның 3404 электрондық портал арқылы. Тіптен алғанда, Шымкент, Тараздан портал арқылы сұраныстар түсуде. Оған біздер 7-8 күнде жауап береміз», - деді ол.
Сондай-ақ, алдағы уақытта әлеуметтік желілерде «Сіз білесіз бе?» айдарымен архив мекемесінің құжаттары, анықтамалары жарияланып тұрады.