ЖАРТЫ МИЛЛИОН ТОННАДАН АСТАМ ӨНІМ ЖИНАЛДЫ
Сыр диқандары биыл да күріштен мол өнім жинады. Облыстық ауылшаруашылық басқармасының мәліметінше 90 882 гектар күріш алқабы орылып, 502 525 тонна өнім жиналды.
– Биыл күн райына байланысты егіс жұмыстары да, соған сәйкес күзгі науқан да жылдағыдан кештеу басталды,– дейді облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Жаханов. – Соған қарамастан өнімді жауын-шашынға ұрындырмай жинап алдық. Бүгінде облыс диқандары жарты миллион тоннадан астам өнімді қамбаға құйып алды. Бұл былтырғы жыл көрсеткішінен 20 пайыздай артық.
Қармақшыдағы «Ақтөбе и К» серіктестігі егін науқанын алғашқылардың бірі болып аяқтаған еңбек ұжымы. Осыдан екі апта бұрын алқаптағы жұмыстарды тиянақтаған ұжым биыл 1875 гектарға күріш еккен. Сонымен қатар, 100 гектарға ирандық Таром Хошими сортын тәжірибе ретінде отырғызды.
– Бізде осы өңірде жиі егілетін Лидер сортының өнімі гектарына 70 центнерден айналды, - дейді «Ақтөбе и К» ЖШС басшысы Нұрлан Іздібаев. – Ал ирандық сортты тәжірибе реніде ектік. Шығымы жаман емес, алда да жалғастыратын ойымыз бар. Таром Хошимидің негізгі тұтынушысы Иран елі. Ай соңында осы елге 60 тонна өнім жібереміз.
Серіктестік 300 миллион теңгеге Оңтүстік Кореядан шыққан күріш өңдеу зауытын да сатып алған. Оның 15 пайызын өздері төлесе, қалғанын «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржысының есебінен өтеді.
Облыстық ауылшаруашылық басқармасы мамандары аймақ бойынша күріштің әр гектарынан 70 центнерден өнім жиналғанын айтады. Ал «Достық-жер-МК» ЖШС, «Жаңажол»шаруашылығы диқандары 80-82 гектардан өнім алды.
– Ауылшаруашылық құрылымдарын мемлекет қолдауы арқасында соңғы жылдары өңірде шаруашылықтардың техникалық паркі жаңара түсті. Жер өңдеу жұмыстары да жолға қойылып, шаруалар өнімді сорттарға ден қоя бастады, – дейді облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Жаханов.