БЮДЖЕТТЕ ӘЛЕУМЕТТІК СИПАТ БАСЫМ
Қызылорда облысы әлеуметтік салаға қаржы бөлу жөнінен республикада алдыңғы қатарда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов мәлімдеді.
Осы жыл бюджетінде білім беру саласына - 89,5 млрд., денсаулық сақтауға - 24,9 млрд., әлеуметтік салаға - 23,2 млрд. бөлінді. Ал қаражаттың игерілуі 9 айдың қорытындысымен 98,8 пайызды құрады. Жыл аяғына дейін толықтай игеріледі деп күтілуде.
Облыста мұнай өндіру көлемі жыл сайын төмендеуде. Алайда, облыс әкімінің ел экономикасын әртараптандыру бастамасы облыстың дамуына айтарлықтай серпіліс беріп отыр. Дегенмен, өңір экономикасының макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсу тенденциясы артты. Осы жылдың 9 айында облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 547,9 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінде де өсу байқалады. Тамақ өнімдері, химия өнеркәсібі және мұнай өңдеу өнімдерін өндірудің артуы есебінен өңдеу өнеркәсібінде өсім 6,2 пайызға артты, - деді Қуанышбек Досмайылұлы.
Баспасөз конференциясында өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға төмендегені айтылды. Биыл 10 997 жаңа жұмыс орны құрылды, оның 9 587 тұрақты жұмыс орындары.
Жалақының уақытылы төленуі де бақылауда. Осы кезеңге дейін 79 кәсіпорын мен мекеменің 1805 жұмысшысына 225 млн. теңге жалақы қарызы өндіріліп берілді.