КӘСІПКЕРЛЕР ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛДЫ
«Мемлекет тарапынан асыл тұқымды бұқаларды пайдаланғаны үшін берілген субсидия мақсатты пайдаланылмағаны үшін қайтарылуға жатады», - деген Қызылорда қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің ескерту хатын алған қызылордалық 3 шаруа қожалығы «Сахаш» ШҚ, ЖК «А.Дарибаев», «Амангелді» қожалықтарының басшылары бастапқыда бұл жағдайға түсінбей қалады. Мемлекетке әрқайсысы 1 млн.теңгеден астам барлығы 3 млн.984 мың теңге қайтаруы қажет екен.
Мәселеге қатысты кәсіпкерлер палатасына құқықтық көмек сұрап келген шаруашылық жетекшілері сотта да заңды өкілі болуға өтініш білдіреді.
– Осы жылдың шілде айында қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі «Сахаш» ШҚ, ЖК «А.Дарибаев», «Амангелді» ШҚ-тарынан асыл тұқымды бұқа үшін субсидия ретінде берілген жалпы көлемі 3 млн.984 мың теңгені мемлекет пайдасына өндіріп алу жөнінде облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арызбен жүгінеді. Бұл жерде мәселе былай болған. Аталмыш шаруа қожалықтары 2014-2015 жылдары асыл тұқымды бұқаларды алып, тиісті тіркеу базаларында тіркетеді. Сондай-ақ, аналық сиырларды асыл тұқымды бұқамен шағылыстыруға субсидия алуға өтініш беріп, тиісті мемлекеттік қолдауды да алады. Негізі субсидияны жыл ішінде ала беруге болады, – дейді палата заңгері Аида Қаюпова.
Бірақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 19 қарашадағы №3-1/600 бұйрығымен бекітілген «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидасында» алып келген бұқаны екі шағылыстыру маусымында пайдалану қажет деген міндеттеме бар. Шағылыстыру маусымы деген – талап бойынша асыл тұқымды бұқалар үшін 1 мамыр мен 1 қазан аралығы болып есептеледі. Енді бұл кәсіпкерлердің кейбірі субсидияны алу туралы келісім-шартқа сол жыл ішіндегі шағылыстыру маусымы аяқталғаннан кейін қол қойған. Мемлекеттік орган келісім-шартқа қол қойғаннан кейін барып шағылыстыру маусымы есептеледі деп отыр, яғни келісім шартқа дейінгі шағылыстыруды ескермеген.
Осы ретте, палата заңгері ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің тиісті департаменттеріне хат жазып, түсіндірме беруін сұрайды. Мамандар егер кәсіпкер сол жылдың ішінде шағылыстыру маусымын жүргізіп және маусым өткен болса да сол жылы субсидия алған болса, аталмыш шағылыстыру маусымы қағида талаптарына қайшы келмейтіндігін жеткізді. Асыл тұқымды бұқаны шағылыстыру малды сатып алған уақыттан бастап жүргізілуіне байланысты қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан екі шағылыстыру кезеңін субсидиялауға келісім жасалғаннан күннен бастап есептеуі негізсіз болып шықты.
Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің хабарлауынша палата заңгерлері шаруа қожалықтарының өтінішімен 2 ай көлемінде сотқа қатысып, нәтижесінде сот кәсіпкерлердің пайдасына қарай шешім қабылдады. Ал кәсіпкерлер өз кезегінде 3 млн.984 мың теңге қаржыларын сақтап қала алды.