ТӨРТ ӨЛШЕМГЕ САЙ БОЛСА
Елбасымыз латын әліпбиіне көшуді ұсынғанымен, бұл істе асықпай, байыппен өзге елдердің тәжірибесін зерттей отырып әрекет етуді тапсырған болатын. Біз осы бағытта ойдағыдай қадам жасаудамыз.
Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының мамандары соңғы он бес жыл бойы тиянақты зерттеу жүргізіп, өз нұсқаларын ұсынуда. Бұл бағытта тіл мамандарының айтатын көптеген пікірлері бар деп ойлаймын. Ең маңыздысы қазақ тілінің ішіндегі қазаққа ғана тән бірқатар дыбыстар бар. Оған байланысты ел ішіндегі пікір де әр алуан. Осы іспен тікелей айналысып жүрген мамандарымыз өз жобаларын тағы да пысықтап, толықтырып, соңғы нұсқасын ұсынуы тиіс.
Қалай десек те, өз заманында айтылғанымен Ахмет Байтұрсыновтың әліпбиге қатысты мынадай қанатты сөзі әлі де өз маңызын жойған жоқ. Ол ұлттық әліпбидің ерекше төрт өлшемін тізген. Оның біріншісі жеңіл әрі тілге орамды болуы керек десе, екінші өлшемі деп таңбаның аздығы мен жазуға икемділігін атап өткен. Сол сияқты жазу процесінде ықшамдылығы мен ыңғайлылығы үшінші өлшем ретінде көрсетілсе, төртіншісінде үйренуге оңай болуы тиіс деп түйіндеген. Өз басым осы өлшемге сай әліпби нұсқасын таңдайтындығымызға сенемін.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
Сенат депутаты.