АЗАМАТТАРҒА ЗАҢДЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ АЯСЫ КЕҢИ БЕРЕДІ
Қызылорда облыстық сотының жетекшісі Қамбар Нұрышевтің төрағалығымен өткен жиында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша алқа төрағалары Бақытжан Қалымбет пен Әділхади Шығамбаевтың есептері тыңдалды. Олар бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың сот төрелігін жүзеге асырудың сандық және сапалық көрсеткіштеріне тоқталды.
Статистикаға сәйкес, 2017 жылдың 9 айында азаматтық істер бойынша облыс соттарының өндірісіне 24 156 талап қою арызы, 404 іс түскен, бұл көрсеткіш өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда 26 пайызға ұлғайып отыр. Апелляциялық сот алқасына 1041 іс түскен.
Есепті кезеңде облыстың бірінші сатыдағы соттарына 1485 қылмыстық іс түсіп, 64 қылмыстық іс өткен жылдан қалдыққа қалған, 1789 адамға қатысты 1445 қылмыстық істі қарау аяқталған. Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы 216 істі қарады.
Облыс соттарында есепті кезеңде медиация тәртібін қолдану арқылы 666 азаматтық, 336 қылмыстық және 321 әкімшілік іс қаралыпты. Партисипативтік рәсім тәртібімен - 33 іс, татуласу келісімімен - 56 іс аяқталған.
Ал, «Сот кабинеті» сервисі арқылы жеке және заңды тұлғалардан 24 112 талап қою арызы түскен.
Кеңес шеңберінде Судья әдебі жөніндегі комиссияның атқарған жұмысы туралы комиссия төрағасы Айбек Әбу, Оқу орталығының жұмысы бойынша үйлестіруші-судья Гүлсім Таңатова, БАҚ-пен өзара іс-қимыл жұмыстары бойынша үйлестіруші-судья Артур Наримов мәлімдеді.
Облыстық соттың төрағасы кеңеске қатысушылардың назарын сот төрелігін жүзеге асырудың сапасын арттыру, сотқа жүгінген азаматтарға заңды көмек көрсету, судьялар мен сот мамандарының кәсіби деңгейін көтеру бойынша мәселелерге аударды.
Кеңейтілген кеңес қорытындысы бойынша алдағы атқарылатын жұмыстар мен тапсырмалар айқындалды.
Шара барысында судьялар, ұзақ жылдар бойы сот жүйесінде абыройлы қызмет атқарған облыстық соттың судьясы Бейбіт Қиязовты құрметті зейнет демалысына шығарып салды. Қ.Нұрышев судьяға еңбегі үшін алғыс айтып, лебізін білдірді.