ЖАҢА ӘЛІПБИ ЖОБАСЫ ЖАЙЛЫ ОЙ БӨЛІСТІ
Бүгін Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясында «Мәңгілік Ел» тәуелсіздігінің рухани көрінісі-жаңа әліпби» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті. Шараға филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры Аман Абасилов, «Ұстаз мәртебесі» газетінің бас редакторы, журналист Нұрлан Көбегенұлы, мектеп мұғалімдері мен,оқушылар қатысты.
Мектеп-гимназия директоры Данабек Абдраймов шараның ашылуында әліпбиіміздің тарихына шолу жасап өтті. Қолданыстағы әліпбидің 80 жылға жуық тарихы бар екенін, бұл аралықтағы жетістігіміз аз еместігін, бұдан да зор биікке ұмтылып, қанатымызды кеңге жаю үшін де заман талабына сай болу керектігін тілге тиек етті.
Осыдан кейін филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасилов қазіргі кирилл жазуындағы басы артық жат дыбыстар тіліміздің үндестік заңын бұзып жатқаны жайлы ой өрбітті. Тіпті бұл тілдің лексикалық қоры мен грамматикасына нұқсан келтіре бастаған. .Қазақ тілін дамытудың бір жолы – оның табиғатына сай келетін әліпби таңдау екендігін айтқан ғалым .Елбасы бастамасы аясында мемлекеттік тіл қазіргі заманғы ғылыми-техникалық прогресске икемделетінін айтып өтті. Ана тілімізді әлемнің дамыған тілдерінің қатарына қосатын жақсы жаңалыққа үн қосып, қолдау білдіруге шақырып, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жобасына байланысты өз ойын ортаға салды.
–Елбасы назарына ұсынылған жаңа әліпби үйренуге де, үйретуге де ыңғайлы,тіл заңдылығына да сай келіп тұр. Латын графикасындағы 26 таңба толық игерілген. Қазақ тілінің өзіне ғана тән «Ә», «Ө», «Ұ», «Ң» дыбыстары апострофтармен берілген,- деген ғалым кірме дыбыстар ретінде алынған 4 дыбыстың (Ф,Х,В,Ч) тек «Ч» дыбысын «Ш» дыбысымен айтуға әбден болатындығын жеткізді. Ғалым пікіріне жиылған көп ризалықтарын білдірді. Тыңдармандар ойларында жүрген сұрақтарын қойып, қонымды жауапқа қанағаттанғандарын білдірді.
Ал «Ұстаз мәртебесі» газетінің бас редакторы, журналист Нұрлан Көбегенұлы заман талабынан туындап отырған латын қарпіне негізделген қазақтың жаңа әліпбиінің қолданысқа, жазуға ыңғайлы болуына баса назар аудару қажеттігін айтты.
Жиында мұғалімдердің ойларында жүрген сұрақтарына тұшымды жауап берілді. Әңгіме-сұрақ барысында түрлі ақпараттық құралдардағы пікірлер мысалға алынып, көңілге қонымдысына оң баға берілді.
Білім ордасының басшысы Данабек Жақсылықұлы жиынды «Жаңа әліпбиіміз жаңа әлемге қанат қағатын, білімімізді шыңдайтын қанатымыз болады деп сенім білдіреміз»,- деп қорытындылады. Дөңгелек үстел жиылған латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиінің тұсауы кесіліп,жаңа өмірге қадам басар сәтін асыға күтетіндіктерін айтып жатты...
Шолпан БӘКІРОВА,
Қ.Мұхамеджанов атындағы
№1мектеп-гимназия мұғалімі