ӘЛІПБИДІҢ ЖАҢА НҰСҚАСЫ ҚҰПТАУҒА ТҰРАРЛЫҚ
Елбасы назарына ұсынылған жаңа әліпби жобасына қатысты талқылаулар жалғасуда. Мемлекеттік тілдің тынысын ашатын бастама жайлы ғалымдар да өз пікірін білдіріп жатыр.
Өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Ж.Садуақасұлы, филология ғылымдарының кандидаты А.Абасилов, облыстық «Тілдерді оқыту орталығының» директоры Н.Мұсаева БАҚ өкілдеріне әліпбидің жаңа нұсқасы жайлы пікірлерін айтты.
– Кешелі-бүгін латын әліпбиіне негізделген әліпбидің жаңа нұсқасы қолымызға тиді. Бұл нұсқа жайында арнайы комиссия отырысында айтқан Елбасының сөзіне де куә болдық. Шынында да, халықтың талқылауына түсіп, халықтың сын-ескертпелеріне ұшыраған алғашқы нұсқаға қарағанда осы соңғы нұсқа халықтың көкейінен шығады деп ойлаймын. Олай болатын себебі, біріншіден, мұнда қазақ тіліне тән дыбыстардың бәрі толық таңбалық жағынан қамтамасыз етілген; екіншіден, төл дыбыстарымыз апостроф арқылы берілген. Осы тұста айта кететін бір нәрсе – кейбір азаматтарымыз апострофтың өзі жазуға қиындық келтіреді деп жатады. Ол дұрыс емес, себебі, апострофы бар дыбыс компьютерде бір таңба арқылы берілетін болады, – деді филология ғылымдарының докторы Ж. Сәдуақасұлы.
Елдің келешегін ойлаған, көзі ашық, көкірегі ояу әр азамат ұлтымыздың патриоты ретінде латын әліпбиіне көшуді қалайтыны күмәнсіз. Бұл құптарлық та, қуанарлық та жай.
Алдыңғы нұсқаны күллі ел болып талқылап, азаматтар өздерінің ой-пікірлерін білдірді. Осы жылғы 9 қазанда Елбасына таныстырылған жаңа нұсқада сол ұсыныстардың көпшілігі ескерілді. Ендігі жерде үйрену , жаңа әріпті енгізуге жұмсалатын қаржы, тағысын-тағылар екінші кезекке қалдырылу қажет те, бірінші кезекте елдің, тілдің тәуелсіздігі мен содан туындайтын қажеттілік және тәуекел тұруы керек. Әрине, қай уақытта да өтпелі кезеңнің қиындығы болмай тұрмайды. Ендігі мақсат уақыт оздырмай іске кірісу.
Әліпбиді үйретуде негізгі салмақ мектеп мұғалімдеріне, оқу орындарының ұстаздарына түсетіні анық. Осыдан да ғалымдар «Ұстаздар қазірден бастап-ақ, әліпбидің осы нұсқасын басшылыққа ала отырып, алдымен өздері, сосын біртіндеп шәкірттеріне үйрете бастағаны жөн» деген пікір айтты.