ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ КӘСІПКЕР «АЛТЫН ЖҮРЕК-2017» СЫЙЛЫҒЫНАН ҮМІТТІ
Қызылордалық кәсіпкер Сейітқали Алшынбаев қоғамдық ұлттық «Алтын жүрек-2017» сыйлығының «Жетім балаларға көмегі үшін» номинациясы бойынша үміткерлер тізіміне енді.
Биылғы «Алтын жүрек» сыйлығына 455 өтініш келіп түссе, кеше солардың арасынан 33 номинанаттың есімдері белгілі болды.
Сарапшылар кеңесі ұлттық сыйлықтың «Жетім балаларға көмегі үшін», «Білім саласына қолдауы үшін», «Мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлығы үшін», «Бұқаралық спорттың дамуына қолдауы үшін», «Ардагерлерге қамқорлығы үшін», «Жыл меценаты», «Ақпараттық қолдау», «Жыл жомарты», «Жыл мекемесі», «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін», «Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесі үшін» (шетел азаматтарына) атты дәстүрлі 11 номинациясының әрқайсысына үш үміткерден іріктеді.
Осы парасатты парызды мойнына жүктеген «Бауыржан» қоғамдық қоры биыл он бірінші рет айналасына шарапаты мен шапағаты мол қайырымды жандардың есімдерін атайды. Сөйтіп, 27 қазан күні сағат 19:00-де Абай атындағы академиялық опера және балет театрында 11 аталым бойынша жыл сайынғы «Алтын жүрек» ұлттық қоғамдық сыйлығы табыс етеді. Орталық Азияда баламасы жоқ «Алтын Жүрек» сыйлығын Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Бауыржан» қоғамдық қоры, «Нұр Отан» партиясы, «Алтын қыран» компаниясы, «ПетроКазахстан» АҚ тұрақты ұйымдастырып келеді.
Фариза ОМАРОВА