ШОҚТЫҒЫ БИІК ШАХМАРДАН
Елдің амандығы мен шекараның бүтіндігі, мемлекетте тіршілік ететін барлық этнос өкілдерінің түрі өзге болса да, тілегі бір болуы, барша халықтың ынтымақты, бейбіт өмір сүруі - әрбір ел үшін басты мәселе. Әсіресе, жаһандану үрдісінің бұрынғыны ысырып, көмескілендіріп, жаңа нәрсенің жақсысы мен жаманын ажыратуға мүмкіндік бере бермейтін алмағайып кезеңінде ұлттық болмысты сақтап қалудың алғышарты Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде егжей- тегжейлі баяндалған. Мемлекет басшысы бұл мақаласында «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – деп атап көрсетеді.
Міне, осы орайда халқына өлшеусіз еңбек сіңірген текті тұлғалардың өмірі мен өнегесін жұрт назарына ұсынып отырудың мәні айрықша болмақ дейміз. Биылғы жылы атақты ғалым Шахмардан Есеновтің туылғанына 90 жыл толады. «Алты алаштың анасы» атанған Сыр өңірі еңбегін әлем мойындаған айтулы академиктің мерейлі мерекесін облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен кең көлемде атап өтуге дайындық үстінде. Әсіресе, Шиелі ауданының жұртшылығы өздерінің еңбек жетістіктерін осы мерейге арнап, биылғы егін жинау науқанын қысқа мерзімде аяқтап та үлгерді. Күріштен жоғары өнім алды. Осы орайда текті тұлғаға айналып үлгенген Шахмардан аға Есеновтің өмір дереген келтіре кетудің артықшылығы бола қоймас деп ойлаймыз.
Қызылорда облысының Тартоғай ауылында дүниеге келген Шахмардан Есенов академик Қ. Сәтбаевтың шәкірті. Оның ғылыми еңбектерін, өндірістік жетістікерін жалғастырушы ізбасары. Жер асты байлығы мол Жезқазған өңірінің жаңа қырын ашуға белсене қайрат көрсетті. Ол 1952-60 жылдары Үлкен Жезқазған кен-руда өнеркәсібінің шикізат бөлімін ашу және бағалау жөніндегі барлау жүмысына басшылық етті. Бұл кезеңде Жезқазған ауданы геологиясының неғұрлым күрделі теориялық және практикалык мәселелерін шешуге тікелей қатысты боксит-асбест сияқты маңызды пайдалы қазыналарды іздеу мен барлау әдіс-тәсілдерін анықтау жөніндегі жұмыстарды басқарды. Осы жұмыстардың нәтижесінде Жезқазғанда шикізат кенінің барланған қоры бұрынғыдан бірнеше есе артты. Химия және қорғаныс өнеркәсібіне өте қажетті шикізат ірі кені ашылды. Осы ауданның марганец, мыс, металл, никель, кобальт, темір рудалары, құрылыс материалдары мен мыс кендері ашылып зерттелді». Ал Шахмардан Жорабекұлы 1965 жылы Ш.Есенов республикада жүргізген барлық геологиялық іздеу және барлау жұмыстарына жалпы басшылық етті. Бұл жылдары Қазақстанда пайдалы қазбалардың бірқатар ірі кен орындары ашылып, игерілді. Соның ішінде Маңғыстаудың оңтүстігінде аса ірі мұнайлы-газды аумақтың, Жетібай мен Өзен мұнай орындарының ашылуы, қысқа мерзімде барланып, іске қосылуы үлкен жетістік болды. Осы жұмысқа тікелей қатысқаны жөне басшылық еткені үшін бір топ ғалымдармен бірге Лениндік сыйлық берілді. Ал республика геология министрі, онан әрі 1967-1974 жылдары Қаз. КСР ғылым академиясының президенті лауазымында жалпы халықпен ел үшін жасаған қайраткерлігін айтуға сөз жетер ме екен?!
Жуырда ғалымның туған жері Шиеліге көрші Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданынан әдебиетші Әбдіманап есімді бұрынан да таныс жігіт іс сапармен келген еді. Осындағы «Көкшоқы» мөлтек ауданындағы Есеновтің бюстін байқап қалып, жанына дереу жетіп барды да, тәу етіп бетін сипағандай болды. Сонан соң, іле-шала; «Әль- Фарабидің қазаққа оралуына басты себепкер, қайраткерлік көрсеткен осы азамат ғой. Япырай, бұл кісінің Шиеліде туғанын бұрын білмеуші едім», дегені. Үйге келе сала кітап, блокноттарымызды парақтай бастадық. Академик Ахмет Машановтың «Әль -Фараби және Абай» атты кітабынан жоғарыда айтылған деректердің кей ізін таптық. Онымызды біртіндеп жетілдіре де түстік.Сондағы қолға түскен деректердің мәліметі мынадай: «Академияда президент болып тұрғанда ұлттық мәдениетімізді тереңнен зерттеуге, әдебиетімізде ұмыт болған, тыйым салынған эпостар мен дастандарды қайта өмірге әкелуге, іздеп табуға бұйрық береді. Қазақ топырағының ұлы даналарының бірі Әбунасыр әл-Фарабидің халқына қайта оралуына көп еңбек сіңірді. Бұл турасында белгілі ғалым, Шиелінің тумасы ғалым профессор Досмұхаммед Кішібеков жазбаларында былай дейді: "Ш.Есенов Ғылым академиясындағы Философия және құқық институтының жанынан арнаулы әлфарабитану бөлімін ашады. Оған арабша, ағылшынша және басқа да тілдерді білетін білімді жас ғалымдарды шақырды. Оларға әл-Фарабидің еңбектерін тауып, қазақшаға, орысшаға аударуға тапсырма береді. Әл-Фарабидің қазақ топырағының ұлы екенін ол кезде ешкім білген жоқ. Көптеген елдер оны өздерінше иеленіп кеткісі келді. Мәселен, ирандықтар оны Ирандікі деп дәлелдеді. Өзбек ғалымдары өзбек халқынікі деп есептеп, мақалалар жазып жатты. Түркімендер де олардан қалыспады. Профессор А.Машанов 50-70-жылдардағы (өткен ғасыр) ғылыми-қоғамдық қызметін әл-Фарабиді қазақ халқына қайта әкелуге жұмсады. Ол көптеген кітаптар, мақалалар жазды. Әл-Фарабидің еңбектерінің томдары екі тілде шығарылды. Осы басылымдардың барлығының жауапты редакторы Ш.Есенов болды», деп атап көрсетеді. Иә, қажырлы еңбек, дәйекті дерек жемісті болып, 1970 жылы әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толуына байланысты халықаралық симпозиум Алматыда ашылды. Оған әлемнің көптеген елдерінен қонақтар шақырылды. Ш.Есенов осында өзі баяндама жасады. Осы симпозиумда ұлы бабамыз Аристотельден кейінгі "Екінші ұстаз" атанды.
Қазіргі «Егемен Қазақсан» бұрындары кеңестік дәуірде «Социалистік Қазақстан» аталатын-ды. Сол аға басылымның Жезқазған облысындағы тілшісі болған, қазір сексен жастың үзеңгісіне аяғын салып тұрған қадірлі журналист ағамыз Өтеген Жаппархан Г.Оразалиеваның кітабында мынандай қызықты жәйтті баяндайды. «...Мына біз тұрған биік «Шахмардан шоқысы» деп аталады. Бұл анау Ұлытаудан кейінгі биік жотаның бірі. Осы биіктен бұл маңайдың бәрі анық көрінеді.Анау түтін–атақты Қарсақпай зауытынікі, мына беткейде көсіле жатқан–Жезқазған,одан әріректе– кеншілер қаласы Никольский мен Рудник, ал, мына арттағы қоныс Жезді кенті.
–Тамаша екен.Ал,енді«Шахмардан шоқысы»болып қалай аталған?
–Ол кісі осы Жезқазғанда геологиялық партияға басшы болып, он жылдай қызмет істеді. Талай кен ошақтарын ашты. Қанекеңнен кейінгі осы төңіректің бағын ашқан сол Шахаң еді ғой, бұл маңда ол барламаған, ізі түспеген жер жоқ, – деп, ертеде сапарлас болып жүрген кен инженері Мүсілім Тоқтамысов сөзге араласты. Хатшы тағы сөз сабақтады.
– Жақсы қатысамыз, сыйласпыз. Құдай өзіне келбетті де бере салған ғой. Адами парасатын айтсаңшы! Сол Шахмардан осында жүргенде ертелеп шығып, мынау тау-тасты ерінбей жаяу аралайтын. Жұмыстан кейін әріптестерімен бірге күнде кешқұрым осы шоқы басында отырып демалатын.Осы жерде отырып күні бойы жазған-сызғандарын, жиған-тергендерін, ойларын қорытатын. Келесі күні, арғы күні... осылай жалғаса беретін. Кейін Алматыға қызметі өсіп кеткен соң, ел бұл қыратты «Шахмардан шоқысы» атап кетті. Сол дәстүрмен әліге дейін қалт еткенде осында келіп демалып тұрамыз». Міне, іс жасаған адамның соңында қалған ізі...
Қазір тоқсан жастың бел ортасына келген, әлі күнге өзінің туған жері Шиеліде тұратын Серқара Ізтілеуов ағамыздың айтқан мына әңгімесі де қызықты, әрі өнегелі
.–Бірде Алматыға іс сапармен бардым. Ол кезде қонақ үйге бару дегенді білмейміз, туыстарды жағалаймыз ғой баяғы. Содан әпкеміз Аяштың үйіне бардым. Обалы не керек, бәрі де құрақ ұшып қарсы алды. Тез арада ас әзірлеп, дастархан жайып тастады. Шахмарданның осы үйде жатып оқитынын білемін, бірақ көзге көріне қоймады. Біраз уақыт өткен соң шыдамым таусылып «Шахмардан қайда?» дедім Аяшқа. Ол үндемеді. Жымиып күлген жездеміз Тәңірберген: «Ол Аяштың қаһарына ұшырап,қамалып отыр»,– деді.Мен түсінбей,шошып қалдым.Онымды түсіне қалған жездеміз:«Жоқ,ол үйде,басқа бөлмеде қамаулы отыр. Біраз қызық қуып, сабағын жіберіп, бағасын төмендетіп алыпты...»–деді,Аяшқа бір қарап қойып. Аяшта үн жоқ, төмен қарап шайын құйып отыра берді.Не керек,сол жолы мен ауылға Шахмарданды көрмей-ақ кеттім,– дейді.
Басқа халықтарды қайдам, қазақтың қонақжайлылығы мн бауырмалдығы ерекше ғой. Осы бір асыл қасиет- Шахмардандай шоқтығы биік ғалымның алдағы даңғылына жол ашқан секілді. Туған әпкесі Аяш пен жездесі Тәңірбергеннің аса талантты бала Шахмарданға көрсеткен қамқорлығы, тәлімі, тәрбиесі өте мол болғандығы.
Ғұлама ғалым Қаныш Сәтпаевпен таныстырып, қандай оқуға түсуіне бағыт берген, өз мамандығын жақсы игеруін да қадағалаған осы кісілер. Адамның жақынға деген, туысқа деген бауырмалдығы болмаса талаттың ашылмай қалуы, басқа бағытқа бет алып кетуі де мүмкін еді ғой. Бұл жерде ұлттық кодтың мықтылығы нәтижелілігін дәлелдеді деп ойлаймыз. «Жақсыдан шарапат» деген осы болса керек, жан-жақты талант тұлға болып қалыптасты.
Шахмарданның ата-анасы Жорабек пен Шәрипаның көпке деген қамқорлығы да ұшан-теңіз болған. Жорабек ақсақалдың басы жерге жеткенше, ертеректегі таршылық заманда шет жерге қуғын көірп ауып кеткен жарлестеін елге қайтаруды армандап кеткені Әбілдә Тәжібаевтың естелігінде жазылады. Ал Шәрипа апаның 1961 жылы елге қыдырыстап келгенінде Шахмардан жатқан бесікті балалары тұрыңқырамай жүрген төркін жұртқа беруі арқылы өсіп-өнуіне тілектестік білдіруінің нағыз дәлелі. Сол құт қонған бесікте бір отбасының тоғыз сәбиі бөленіп, онан кейін олардың балалары мен немерелерінің тербелуі жақсы ырымның нышаны деп білеміз. Тарихи тұлға бөленген сол құт бесік жақында Шиелі аудандық тарихи- өлкетану музейіне тапсырылып, келушілерге әспеттеле көрсетілуде.
Бір жылы Шахмардан жары Кәмила апаймен, балаларымен Қырымда демалады. Бұлар түскен саноторийде Мәскеудегі Геология министрінің мұнай жөніндегі орынбасары жатыр екен. Қызметтес, әріптес адамдар емес пе, күнде болмаса да, жиі араласып, әңгіме-дүкен құрып жүреді.Кәмила апай Шахмарданның атын атамай үнемі«Батыр» дейді ғой, баяғы. Бұған министрдің орынбасары түсінбей, ақырында:–Кәмила Қарабалаевна,сіз неге Шахмардан Есенович демейсіз, «Батыр» деген не сөз? – деп сұрайды.– «Батырдың» орысшасы «Храбрый» деген сөз.– Шын ба, шын айтып тұрсыз ба? – деді министрдің орынбасары, кенеттен таң қалып.– Сіз не, бұл атауды ол кісіге лайық көрмей тұрсыз ба? – деді, Кәмила жеңіл ғана жымиып.
– Жоқ, жоқ, қайта «Батыр» деп, дәл қойғаныңызға таң қалып тұрмын, – деп, шынымен-ақ ренжітіп алдым ба дегендей, жалпақтап, – бұл пікірімді Сізге, Кәмила Қарабалаевна дәлелдеп берейін, – деп, елпілдеп-ақ қалды. Сосын аз-кем ойланып тұрды да, – Маңғыстаудан мұнайдың мол қоры табылып Қазақстан басшыларының абыр-сабыр болып, проблемаларының көбейіп тұрған кезі болатын. Мәскеуге келгіштеп, жоқтары көбейіп дегендей ғой... Бірде мұнайға байланысты Косыгинде өтетін жиналысқа бірге қатыстық. Жиі көрмейтін болған соң Косыгинге министрлердің бәрі жетістігін емес, жетіспейтін жақтарын айтып,мемлекеттен көмек сұрап жатыр. Өтебай, Орта машина жасау министрінің бір орынбасары (министрі Орталық Комитеттің мүшесі, беделді басшы Е.П.Славский болатын) бізде анау жоқ, бізде мынау жоқ деп, жоқтан өзгені айтып тұрып алды. Бір кезде Сіздің «Батырыңыз» қолын көтеріп, рұқсат алып, жиынға қатысып отырған Косыгинның тура өзіне қасқайып қарап тұрып, сөзін бастады. Біреулеріміз батылдығына таңқалып,біреулеріміз «не дер екен?»деп, сынай қарап отырмыз.
Бір кезде Шахаң:–Құрметті Николай Алексеевич,Сіз мені дұрыс түсініңіз, талай жылдан қалыптасқан, бай мекеменің мамандары «жоқ» дегенді айтып, ауыздарын құр шөппен сүртетін болса, жаңадан ашылып жатқан Маңғыстау кен орындарының, оның мұнайшыларының күні тіптен қараң деуге болады. Техника, станок, құрылыс материалдары... тіптен Орталықтағы басшылардың оң қабағы, шын пейілдері де жетіспейді бізге! – деп айтып салды. Тура бір алдын ала дайындалып келгендей-ақ жоғын тізіп, сандарды сөйлетіп шықты. Обалы не керек, Косыгин зейін қоя тыңдады да, көмекшісіне бірнәрсе деп сыбырлады, сосын Шахмардан Есеновичке қарап «осының бәрін айтып, хат жазыңыздар» деді, әдеттегі сабырлы қалпымен, сөзін қысқа қайырып.
Шынымды айтсам, Шахмардан Есеновичтің батылдығына, Косыгиннің мәрттігіне риза болдым. Маңғыстау мұнайына орай бір емес, екі қаулы шығарды. Енді Сізге де риза болып отырмын, Кәмила Қарабалаевна, еріңізге лайықты ат қойыпсыз, ризамын, ризамын! – деп, шын көңілін білдіріп, ағынан ақтарылды», – деп көрсетіледі «Бір ғылым еді іңкәрің» жинағында.
Біздің бүгінгі мақсатымыз, ұлы адамның ұлылығынан оқырмандарымызды хабарлар ету еді, шоқтығы биік Шахмардан туралы біршама жиналған мағлұматтарды ортаға салдық-ау, деп ойлаймыз.
Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Шиелі ауданы