СОТ ОТЫРЫСТАРЫНДА АУДИО ЖӘНЕ ВИДЕО ЖАЗБА ҚОЛДАНЫЛАДЫ
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты осы жылғы 9 ай қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне баспасөз конференциясын өткізді.
Жыл басынан бері 47 қылмыстық іс (2016 жылдың 9 айында – 23 қылмыстық іс) түскен.
Яғни, өткен жылмен салыстырғанда ағымдағы жылы сотқа түскен істердің саны көбейгені байқалады. Осы мерзімде 42 іс 74 адамға үкім қабылдау арқылы қаралған, 2 іс бойынша 2 адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылды.
Тоғыз айда 74 адам сотталды (2016 ж. 9 айы - 46 адам). Олардың 71-не бас бостандығынан айыру жазасы қолданылды. (Екі адамның бас бостандығы шектеліп, 1 адамға қатысты ҚК-нің 63-бабымен шартты түрде сотталды.
Жиырма төрт сотталушыға қосымша жаза ретінде мүлкін тәркілеу тағайындалды, 8 сотталушыға маскүнемдіктен емдеу үшін медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылып, 7 адам педагогиқалық қызметпен және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты қызметтерді атқару құқығынан айырылды.
Барлық іс дыбыс-бейне жазба қолдану арқылы өткізілді.
Баспасөз конференциясында қылмыстық істер бойынша сот төрағасының міндетін атқарушы Асхат Сабыров жұртшылық арасында қоғамдық пікір туғызған қылмыстық істер бойынша БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.