ЛАТЫН ҚАРПІНЕ КӨШУ – БОЛАШАҚ ҮШІН МАҢЫЗДЫ ШЕШІМ

Қазіргі таңда әлемнің 80 пайызы латын жазуын игерген. Олай болса, латын әліпбиіне өту атаның қаны, ананың сүтімен дарыған тіліміздің мәртебесін көтеру, оны дамыту, түркі халықтарын бір-бірімен жақындастыру, рухани байланыс жасау, ақпараттық кеңістікке шығу дегенді білдіреді. Латын қарпіне көшу арқылы біз халқымыздың өткен тарихын, көне жәдігерлерімізді тауып, тереңінен оқып, зерттеуге мол мүмкіндіктер аламыз. Латын әліпбиіне өту - өркениетке өтудің жолы. А.Байтұрсынұлы салған жолды жалғастыру, оның 26(28)қағидатын өміршең ету бүгінгі ұрпақ еншісіне тиесілі болған екен. Тіл тазалығын, тіл әуезділігін сақтауда ең алдымен, әліпбидің тиімді нұсқасын таңдай алуымыз қажет. Елбасы латын қарпіне көшу күрделі үдеріс екенін, сондай-ақ оның мақсаты тілімізді дамыту және оны әлемдік ақпараттық кеңістікке шығару үшін жағдай жасау болып табылатынын атап өтті. Латын қарпіне көшу әрине аз күннің шаруасы емес. Алайда бұл мәселенің жан-жақты ойластырылып, мақсатты түрде қабылданған шешім екендігін қазіргі таңда еліміз бойынша жасалып жатқан жұмыстардан анық аңғарамыз. Алфавит ауыстыруда кездесетін түрлі қиындықтардың алдын ала отырып атқарылатын жұмыстар күрделілігіне қарай кезең-кезеңімен іске асырылуы тиіс. Сондықтан да латын әліпбиіне көшу мәселесіне үрке қарау қажеттілігі жоқ. Керісінше осы үрдісті мейлінше тез қолдау қажет деп түсінемін. Қазіргі таңдағы үш тілді меңгеріп жатқан жас буынға латын әліпбиін меңгеру еш қиындық туғызбайды. Өйткені латын тілі - компьютердің тілі. Тіпті ұялы байланыс құралы арқылы хабарламаны латын тілінде жазатында өте көп.
Латын қарпіне өту - болашақ үшін маңызды шешім. Латын әліпбиіне көшу, оны қолдау – халықтың болашағы үшін жасалынып жатқан тарихи қадам. «Бір дыбыс - бір таңба» ыңғайындағы жаңа әліпби жобасында қазақ тілінің төл дыбыстары (ә, ғ, ң, қ, ұ, ө) апострофтармен берілген. Осы нұсқа тіл заңдылықтарына сәйкес келеді. Тілдің ұлттық сипаты айқын танылады. Әрине, ұсынылған жоба әлі де болса толықтырылады деген үміттемін. Өйткені тілші ғалымдардың пікіріне сүйенсек, апостроф қою қиындыққа соғуы мүмкін. Дегенмен компьютер тілін меңгерген мамандар бұл проблеманың да шешімін табады деген ойдамын.
Гүлзира ОРАЛОВА,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к.