АУДАН БАСШЫСЫ ҒАСЫР ҒҰМЫР ИЕСІН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Бүгін Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Əміреев, "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев Бесарық ауылдық округінің тұрғыны Жәміш Есенқұлованың отбасына барып, ғасыр ғұмыр иесін мерейлі күнімен құттықтады.
Жәміш әжей 1917 жылы 7 қазанда Ақүйік ауылында дүниеге келген. Талай тарихи кезеңдерді бастан өткерген әжей жастайынан еңбекке араласып, ел тұрмысының тіктелуіне үлес қосты. Жаңадан құрылған мойынсерікке мүше болып, шөп шапты. Ұлы Отан соғысының отты жылдарында тылда бел жазбай еңбек етті.
Мыңдаған жанның игілігіне жарап отырған Сунақата каналын қолмен қазғандардың бірі осы Жәміш әжей екен. Мерейтойы иесі өзіне құрмет көрсеткен аудан басшылығына алғысын білдіріп, батасын берді.