КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ОБЛЫСТАҒЫ БОС ЖЕР ТЕЛІМДЕРІНІҢ ОНЛАЙН КАРТАСЫН ЖАСАУДЫ ҰСЫНДЫ
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен кәсіпкерлік мәселелеріне қатысты өткен мәжілісте Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов облыстағы бос жер телімдерінің онлайн картасын жасауды ұсынды.
Айта кету керек, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов үстіміздегі жылдың 30 мамырында өткен Үкімет отырысында шағын және орта бизнесті дамыту бойынша әр өңірдегі оң тәжірибелер мен жүйелі мәселелерді зерделеу негізінде 9 басым бағытты белгілеп, оларды жүзеге асыру бойынша ұсыныс берген болатын. Ұсыныс Үкімет басшысымен қолдау тапқан болатын. Осы негізде «Атамекенмен» ұсынылған бағыттарды аймақта жүзеге асырудың іс-шара жоспары әзірленіп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Мәжілісте Палата басшысы жергілікті деңгейде жүзеге асырылатын 5 бағыт бойынша атқарылған жұмыстар барысы жөнінде баяндап берген болатын.
Палата басшысы хабарламасында өңірде бос жер телімдері және инженерлік-коммуникациялық желілерге қосылу туралы ақпараттардың онлайн қолжетімді еместігін айта келе өзгеқалалардағы тәжірибемен бөлісті.
«Астана (www.genplan.saulet.astana.kz) және Алматы (www. almaty.genplan.kz) қалаларының сәулет және қала құрылысы басқармалаларының сайттарында қаланың бас жоспары, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы, тіркелген жер учаскелері, шекаралары, қызыл сызықтары және аукционға шығарылатын, аукцион өткізілген жер учаскелері, қолжетімді инженерлік желілер туралы ақпараттар қамтылған қаланың интерактивті картасы орналастырылған. Осы мазмұндағы интерактивті карта облыстық әкімдік құрған Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы базасында бар. 2010-2011 жылдары 1:2000 масштабта Arc GIS бағдарламасымен Қызылорда қаласының цифрлы картасын құру жұмыстары басталған болатын. Бұл өңірімізде сәтті жүзеге асып, демографиялық, әлеуметтік-экономикалық, статистикалық және басқада 64 қабат ақпараттан құралған облыстың барлық ауданын қамтыған республика бойынша теңдесі жоқ құнды карта жасақталған. Бұл картаны түрлі бағытта пайдалануға болады және 3D форматта орналастырып жетілдіру мүмкіндігі де бар. Алайда бұл карта онлайн қолжетімді емес», - деген Ғалымбек Жақсылықов өз ұсынысын жеткізді.
Палата директоры ұсыныста аймақ басшысынан Астана және Алматы қалаларының оң тәжірибесін ескере отырып, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы базасындағы облыстың интерактивті картасын онлайн қолжетімді етуге шара қабылдауды, сонымен бірге барлық бос жер учаскелеріне түгендеу жүргізіп, облыстың интерактивті картасын кәсіпкерлік үшін аукционмен табысталатын жер учаскелері туралы ақпаратпен үнемі қамтамасыз етуді сұрады.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі