ПОЛИЦИЯ МЕН КҮЗЕТ ҚЫЗМЕТІ ҚАУІПСІЗДІКТІ БІРГЕ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ
ҚР ІІМ-нің бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру мақсатында аймақтағы полиция қызметкерлері 86 күзет ұйымы, 65 қоғамдық көмекшімен бірлесіп жыл басынан бері 16 қылмыстың бетін ашты. Бірлескен қимыл нәтижесінде 356 құқық бұзушылық анықталып, 19 ұрлықтың жолы кесілді. Бұл туралы ҚІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Осы жылғы 4 тамызда таңғы сағат 4.00 шамасында Қызылорда қаласы, Журба көшесі бойында орналасқан дүкеннен дабыл түседі. Дабылға орай «Фархад-секьюрити» орталықтандырылған бақылау торабы операторлары оқиға орнына күзетшілер тобын жібереді. Нәтижесінде дүкеннің сыртқы есігін бұзып жатқан жерінен 30 жастағы азамат ұсталып, полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Ұсталған азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Департаменттің күзет қызметін бақылау бөлімі қызметкерлері заңды және жеке тұлғалар мүліктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күзет ұйымдарымен келісімшартқа отырды. Бөлім есебінде тұрған 176 жеке күзет ұйымы 1302 нысанды күзетке алып, 2190 жеке тұрғын үйге және 938 пәтерге автономды күзет дабыл қондырғылары орнатылды.