АЙМАҚҚА КӨМІР ЖЕТКІЗУ ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Р.Нұрмағанбетов пен Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Н.Мақсұтов аймақтағы жылу маусымына қатысты БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Хабарламашылардың айтуынша, барлық әлеуметтік нысандар жауапты науқанға сақадай сай. Жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілді.. Әлеуметтік нысандарға қажетті 50 мың тонна көмірдің 34 мың тоннасы жеткізілді. Сұйық отынға қажеттілік 26 мың тонна болса, оның 70 пайызы әзірленді.
Бір қыста аймақ тұрғындары 190 мың тонна көмір тұтынады. Қазір оның 17 пайызы жеткізілді.
«ҚТЖ» мәліметі бойынша облыс аумағына күнделікті 20-30 вагон көмір келіп жатыр. Ол ең алдымен келісім-шарты барларға жеткізіледі. Теміржол тасымалына жеке кәсіпкерлердің қоятын үстемесі тағы бар. Демек, оның бағасын нарық белгілеуде. Көмір бағасы мемлекеттік реттелетін өнім қатарына жатпағанымен оның тым шарықтап кетпеуі ұдайы қадағалануда.
Қазір оңтүстік аудандарда және Қызылорда қаласында көмір бағасы 12-15 мың теңге, ал солтүстік аудандарда 15-16 мың теңге аралағында.
Қазанның 15-і күні әлеуметтік нысандарға жылу беріледі. Ізінше тұрғын үйлер қосылады. Қазір тұрғын үйлердің жылуды қабылдауға әзірлігі тексерілуде. Ал, орталық көшелердегі су жүйесін күрделі жөндеу жұмыстары жақын күндері аяқталады.