ҰЛТТЫҚ ПАЛАТА БАСТАМАЛАРЫ ОРЫНДАЛУДА
Қызылордада облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен кәсіпкерлікті дамытуға қатысты мәжіліс өтті.
Басқосуды ашқан облыс басшысы «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы А.Мырзахметовтың осы жылдың 30 мамырындағы Үкімет отырысында шағын және орта бизнесті дамыту бойынша әр өңірдегі оң тәжірибелер мен жүйелі мәселелерді зерделеу негізінде 9 басым бағытты белгілеп, оларды жүзеге асыру бойынша ұсынысы қолдау тапқанын еске салып өтті. Соған сәйкес, бұл бастамаларды облыста жүзеге асырудың іс-шара жоспары бекітілген болатын.
Мәжілісте қалалық демалыс паркі мәселесі мен қала аумағында заңсыз орналасқан дүңгіршіктерге қатысты құрылған комиссия жұмысы туралы облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким хабарлама жасады.
Ол бүгінге дейін қалалық мәдени және демалыс паркін дамытудың концепциясы қабылданбағанына назар аударды. Жыл ортасында конкурс өткізілгенімен, оны алушы табылмаған. Осылайша, парктің болашағы белгісіз күйде қалып тұр. Облыс әкімінің орынбасары қала аумағынан әлеуметтік жағдайы төмен 13 кәсіпкерге сауда павильондары үшін жер беру туралы шешім шығарылғанын хабарлады.
Облыс басшысы қала әкіміне кәсіпкерлерге жер учаскелерін беруді тездетуді тапсырды. Қала әкімдігі, облыстық кәсіпкерлер палатасы және облыстық кәсіпкерлік басқармасы бірлесіп, парктің даму концепциясын жасап бітіруі міндетті.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғ.Жақсылықов Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы бастамасының жергілікті жерде орындалу жағдайын баяндады. Палата директоры 9 басым бағыттың «Толық форматты кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын құру» және «Қаржы құралдарын дамыту және қолжетімділікті қамтамасыз ету өңірлік институты ретінде ӘКК қызметін оңтайландыру» бағыттары облыс әкімінің қолдауымен өңірде оң шешімін тауып, өзге өңірлерге оң тәжірибе ретінде ұсынылып отырғанын атап өтті. Ал «Инвестициялық шарттарға отыру қызметін жергілікті деңгейге беру» және «Кәсіпкерлікті дамытудың бірыңғай картасын құру» бастамалары республикалық деңгейде жүзеге асырылу көзделген.
Жергілікті деңгейде жүзеге асырылатын 5 бағыттың алғашқысы бос жер учаскелері және инженерлік-коммуникациялық желілерге қосылу туралы ақпараттарға онлайн-қолжетімділікті қамтамасыз ету. Астана және Алматы қалаларының сәулет және құрылыс басқармаларының интернет-сайттарында қаланың бас жоспары енгізілген интерактивті карталар бар. Онда тіркелген, аукционға шығарылған немесе сатылған жер учаскелері, қызыл сызықтар туралы ақпараттар кездеседі. Осындай интерактивті карта Қызылорда қаласындағы «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету» орталығында бар. Ол түрлі бағыттағы 63 деңгейлі ақпаратқа ие. Әйтсе де, онлайн режимде емес.
Келесі бағыт сауда-саттық үшін бос алаңдар бөлу. Бастамаларды облыста жүзеге асырудың іс-шара жоспарында «Көше саудасы үшін Қызылорда қаласы аймағынан 100 жер учаскесін осы жылдың 1 тамызына дейін белгілеу енгізілген. Осы ретте палата директоры кәсіпкерлер өтінішіне сәйкес, сауда-саттық үшін жер учаскелерін қала орталығында жаңадан бой көтеріп келе жатқан көпқабатты тұрғын үй аудандарынан, қалаға қарасты Тасбөгет, Белкөл, Ақсуат, Қызылжарма елді мекендерінен де бөлуді қарастыруды сұрады.
ШОБ субъектілеріне жалға беру үшін дайын коммуникация мен шағын индустриялық аймақтар құру туралы бастамаға байланысты Қармақшы және Жалағаш аудандарында жаңа және жұмыс жасап тұрған өндірістерді орналастыру үшін ангар типтес өндіріс нысаны құрылысы үшін жобалау-зерттеу жұмыстарының сметасын әзірлеп, аудан әкімдеріне жоба-сметалық құжатына қажетті 4,3 млн теңгеге бюджеттік өтінім жасау үшін жолданды. Тиісінше Жалағаш және Қармақшы аудандары әкімдері аудан бюджетінің жеткіліксіздігіне байланысты облыстық бюджеттен қаржы бөлуге өтінім жасалды.
Ұлттық Палатаның келесі ұсынысы жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік сатып алуда жергілікті қамтуды қамтамасыз ету. Осыған байланысты, палата тарапынан жергілікті тауар өндірушілердің реестрі жасалып, реестрге 230-дан аса тауар өндірушілер енгізілді. Реестр облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына bizness.orda.gov.kz кәсіпкерлердің бірегей бизнес-порталына орналастыру үшін ұсынылды. Мемлекеттік мекемелерге мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялау кезінде жоба-сметалық құжаттаманың толық нұсқасын сайтта жариялау туралы ұсыныстар жолдады.
«Атамекен» ҰКП-мен мемлекеттік сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында оң нәтиже көрсетіп отырған Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарындағы тендерге дейінгі және тендерден кейінгі бақылау тәжірибесін өзге өңірлерде де енгізу ұсынылуда. Бұл мақсатта палата мен мемлекеттік сәулет, құрылыс бақылау басқармасы арасындағы өзара келісімге қол жеткізді.
Алайда, тендерге дейінгі бақылау үшін палатамен өзара келісімге келу мәселесі «Мемлекеттік сараптама» республикалық мемлекеттік мекемесінің өңірлік филиалы тарапынан қолдау таппай отыр. Осыған орай, аталған мекемемен өзара келісімге келуде облыс басшысына ықпал етуін сұрады.
Аймақ басшысы «Атамекен» ҰКП бастамаларын орындауға қатысты жоспарланған іс-шараларды өз мерзімінде атқарып шығу жөнінде тиісті мемлекеттік органдар мен құрылымдар басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ, «СБ»