ЖЫЛУ МАУСЫМЫ: ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕСІН ЕСКЕРЕ ЖҮРЕЙІК
Қызылорда облысы өңірлік коммуникациялар орталығында Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаментінің Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Р.Қайрақбаевтың, Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Е.Әлішеровтің қатысуымен «Жылу беру маусымы кезеңіндегі өртті, өрт салдарынан орын алатын адам өлімін, жарақатты болдырмау жөнінде» баспасөз-мәслихаты өткізілді.
Осы жылдың 9 айында облыс бойынша 389 өрт оқиғасы орын алды, материалдық шығын 34 млн. 276 мың теңгені құраған. Өрттен 3 адам қаза тапса, жарақат алғандар саны 9 адам.
– Сонымен қатар, 2016-2017 жылдардың жылу маусымы мерзімінде облыс бойынша 22 түтінге және табиғи газға улану фактісі тіркелді, олардан барлығы 63 адам, оның ішінде 21 ересек, 42 жасөспірім зардап шегіп, емдеу орындарына жүгінген. 2 адам табиғи газға улану фактісі бойынша қаза болған,– деді Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Р.Қайрақбаев.
Өрт қауіпсіздігі айлығы кезеңінде өртке қарсы түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында 4262 рет тұрғын үй секторының ауласы араланып, 22799 адамға үгіт насихат жұмыстары жүргізілді. Көпқабатты үй тұрғындарымен 29 рет кездесу ұйымдастырылып, электр және газ баллон жабдықтарын, пешті және газ пешті орнату, қолданудағы өрт қауіпсіздік талаптарына жайлы айтылды.
Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Е.Әлішеров өртті болдырмау бағытындағы үгіт-насихаттық жұмыстар жөнінде айтып өтті.
Айгүл НҰРМАНОВА,
Қызылорда облысы ТЖД
Мемлекеттік тіл және ақпарат тобының
бас маманы