УАҚЫТПЕН ҮНДЕСКЕН БАСТАМА
Елбасы 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы-қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – деген болатын.
Демек, латын әліпбиіне көшу мәселесі күні кеше ойдан шығарылған дүние емес. Бұл – толғағы жетіп тұрған толымды мәселе.
Көптеген елдің қолданысындағы латын графикасы бізге де айтарлықтай қиындық туғыза қоймасы анық. Себебі, ол біз үшін таңсық емес. Бұған дейін де қазақ халқында латын әліпбиі қолданылды. Осылайша өткенге шегініс жасау арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашамыз. Елбасының көздегені – осы. Біз жаһандық жаңа кеңістікке құлаш сермеп, туған тіліміздің мәртебесін тағы бір сатыға көтеріп, тұғырын бекемдей түсеміз.
Ж.ҚУАНЫШБАЕВ,
Арал ауданы.