ТОҒЫЗ АЙДА ӨРТТЕН 34 МЛН ТЕҢГЕ ШЫҒЫН КЕЛДІ
Бүгін облыс әкімдігінің баспасөз орталығында аймақтағы өрт оқиғалары, оның алдын алуға арналған брифинг өтіп, онда ТЖД Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Р.Қайрақбаев, Қызылорда қаласы ТЖ басқармасының бастығы Е.Әлішеров БАҚ өкілдеріне осы бағыттағы жұмыстар барысын баян етті.
Осы жылдың тоғыз айында облыс бойынша 389 өрт оқиғасы болып, материалдық шығын 34 млн. 276 мың теңгеге жетті.
– Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда шығын көлемі 35,1 пайызға өсіп отыр. Өрт оқиғасынан 3 адам қаза тауып, 9 адам жарақат алды, – деді ТЖД Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Р.Қайрақбаев.
Сонымен қатар, 2016-2017 жылдардың жылу маусымы мерзімінде облыс бойынша түтінге және табиғи газға уланудың 22 фактісі тіркеліп, олардан барлығы 63 адам зардап шеккен.
Брифингте Қызылорда қаласы ТЖ басқармасының бастығы Е.Әлішеров қала аумағында өрт қауіпсіздігінің алдын алу бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталып өтті.