БӨДЕНЕ БАҒУДЫ БИЗНЕСКЕ АЙНАЛДЫРДЫ
Жаңақорғандық Қуаныш Бектаев ерекше кәсіпті қолға алып, бөдене бағып отыр. Аядай ғана ұяшықта елуге жуық үй құсы бар.
–Жұдырықтай құстың оймақтай жұмыртқасы талай ауруға шипа. Әсіресе, анемия, демікпе, асқазан, ішек ауруына және бүгінде белең алған қан қысымын қалыпты ұстауға пайдасы көп. Сәтін салса көктемде бөденінің басын үш жүзге жеткізу жоспары бар. Оған дейін тұтынушы саны да артады деген сенім мол,–дейді Қуаныш Бектаев.
Құстың бұл түрін алғаш қолға үйретіп, кейіннен күнделікті тағам мәзіріне пайдаланып жүрген Жапония мемлекеті екен. Бұл елде оның еті мен жұмыртқасы халық медицинасында пайдаланып келеді. Мектеп оқушысының таңертеңгі ас мәзіріне бөдененің екі жұмыртқасы енгізілген. Бұл балалардың ойлау қабілетін арттырып, бөртпе мен диатезден қорғайды. Қазіргі таңда Жапонияда жылына 19 миллиардқа жуық бөдене жұмыртқасы өндіріледі. Яғни, бұл бағытта арнайы бағдарлама түзіп, оның нәтжиесінде ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыс істейді.
Ал әзірге бізде бөдене бизнесіне деген көзқарас кемшін болып тұр. Бірақ, Қуаныш сияқты азаматтар көбейсе жұдырықтай құстың дәмді еті мен дәруменге толы жұмыртқасы біздің де ас мәзірімізден табылып қалар.