МҰНАЙ ӨНІМДЕРІ БАҒАСЫ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАНУДА
Соңғы күндері еліміз бойынша жанар-жағармай тапшылығы байқалғаны белгілі. Осыған орай бүгін облыс әкімдігінің мәжіліс залында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары А.Досжанов, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Е.Орынбаев және ТС «Оңтүстік жанармай» ЖШС-нің коммерциялық директоры Ә. Махамбетовтің қатысуымен брифинг өтті. Онда мамандар БАҚ өкілдеріне жанар-жағармай тапшылығын болдырмау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысын баян етті.
Брифингте кәсіпкерлік және туризм басқармасы ҚР Энергетика министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы «Мұнай өнімдерін өндіру және өткізу мониторингін жүзеге асыру қағидалары туралы» №236 бұйрығына сәйкес облыс аумағында бөлшек саудадағы мұнай өнімдерінің бағаларына күнделікті мониторинг жүргізетіндігі айтылды.
Осы орайда, Энергетика министрінің бұйрығына сәйкес бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерінің тізімінен 2015 жылдың шілде айында АИ-92 маркалы бензині, 2016 жылдың тамыз айында дизель отынының құнын реттеу алып тасталынды. Бүгінгі күнге олардың бағаларын нарық белгілеуде.
–Осы жылдың қантар айынан бастап ҚР Энергетика министрлігінің шешіміне сәйкес АИ-92 маркалы бензині және дизель отыны тікелей қор ұстаушылар арқылы бөленетін болып белгіленген. Күні кешегі мониторинг мәліметтеріне сәйкес облыста АИ-92 маркалы бензинінің орташа бағасы 150,6 теңге, дизель отынының орташа бағасы 147,5 теңгені құрап отыр. Сонымен бірге, ағымдағы жылдың 10 қазанына аудандар мен Қызылорда қаласындағы жанар-жағар май құю бекеттерінде 2 138,6 тонна АИ-92 маркалы бензин, 1258,8 тонна дизель отыны бар, – деді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары А.Досжанов.
Брифингте мамандар нарық субъектілерінің тарапынан баға келісімі белгілері анықталған жағдайда, құзырлы мекемелер тиісті реттеу шараларын дер кезінде қабылдап отырғанын жеткізді. Қазіргі таңда, негізсіз баға өсімінің алдын-алу және жасанды тапшылықты болдырмау мақсатында Қызылорда облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментімен бірлесіп облыстағы жанар-жағар май құю бекеттерінде бағалардың негізсіз өсуі бойынша тексерулер жүргізіп, облыста баға тұрақтылығын сақтау және жанар-жағар май құю бекеттерінде жасанды тапшылықты болдырмау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізуде.