КҮРЕ ЖОЛДЫҢ БОЙЫНДА ҚЫЗУ ТІРЛІК
Өңірлік коммуникация қызметінің ұйымдастыруымен аймақтағы БАҚ өкілдері «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі бойында сервисті кешендер нысандарының жұмыстарымен танысты.
Жарты әлемді жалғаған «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі Қазақстанның 5 облысының аумағынан өтеді. Қызылорда облысы территориясындағы қашықтығы 812 шақырым. Жолдың 246 шақырымы І техникалық, 566 шақырымы ІІ техникалық санатқа жатады. Жобаның іске асырылуы барысында 812 шақырым жол, 8 елді мекендерді айналып өтетін жолдар, 14 жол айырығы, 48 көпір , 2 темір жол өткелі, 336 құбыр салынды.
Осы жылдың 1 қазанына дейін Қызылорда облысы аумағында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінде жол бойы сервисі нысандарын салатын 41 орын айқындалды.
А,В,С,Д санаттағы сервистік қызмет көрсету нысандарының орналастыруы 2014 жылғы 10 қазанда бекітілген ҚР ұлттық стандартына сәйкес жасалады. Бүгінгі күні 16 жол сервисі нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде «Керуен» кешені (Қонақүйі, кафе, автожанармай құю станциясы, жылы әжетхана, душ, дүкен, сейіл құру орны, медициналық жәрдем көрсету пункті, техникалық байқау станциясы, тұрақ, автожуу орны бар. «В» санаты бойынша) 2015 жылы желтоқсан айында пайдалануға берілген.
Дәл осындай қызмет көрсететін «Нұрлы жол» кешені де қазір күре жол бойында жолаушылар мен жүргіншілерге қызмет көрсетіп тұр. Сонымен қатар, «Қорқыт Ата», «Сығанақ» кешендері де жүйелі жұмыс жасауда.
Бүгінде тағы 6 жол сервисі нысанының құрылысы жүргізілуде, жыл аяғына дейінолардың бірқатары пайдалануға беріледі.
Келер жылға «Д» санаты бойынша 5 автожанармай құю станциясының құрылысы жоспарланды (Арал, Қармақшы, Жаңақорған, Шиелі аудандарында біреуден және Қызылорда қаласында - 1 АЖҚС), 2018-2019 жылдары «А» санаты бойынша - 2 нысан, «В» санаты - 3 нысан, «С» санаты бойынша - 5 жол сервисі нысаны салынады.