«ЗАҢСЫЗ ОЙЫН» ЗАҢМЕН ЖАЗАЛАНДЫ
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеу қызметі биылғы жылдың 9 айында «заңсыз ойын» фактісімен 51 қылмыстық іс тіркеді. 42 қылмыстық іс сотқа жеткізіліп, күдіктілерге қатысты сот үкімі шыққан. Тоқсан бес дана терминал, 73 компьютер кешені, 43 теледидар, барлығы 1 млн.214 мың теңге ақша мемлекет кірісіне тәркіленді.
Қызылорда қаласының тұрғыны Тимур 17 компьютермен ойын жабдығын сатып әкеп, бірнеше пәтерлерде жеті бірдей ойын нүктесін ашқан. Ал Ерлан есімді жігіттің өзін ойын әлемінде кәсіп ашып алған кәсіпкердей еркін сезінгені байқалады. Барлығы 11 азық-түлік дүкендеріне терминалдарды қойып, заңсыз ойын ұйымдастырған. Осыншама нүктелерге қарау жүргізу барысында жиыны 30 дана терминал қондырғылары мен сол мезетте кассада болған 73900 теңге ақша алынған.
Сотпен айыпталған тағы бір ойын ұйымдастырушы Нұрбол 9 терминалды кіріс көзіне айналдырыпты. Қанша табыс тапқаны өзіне мәлім, мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды тұлғалары екі бірдей нүктедегі ойын құрылғысын анықтаған кезде, кассада 10200 теңге ақша болған.
Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» заңының 6 бабының 2-бөлігінің 2) тармақшасы республика аумағында электрондық казино және интернет-казиноға тыйым салады. Осы заңның 1 бабы 9) тармағында көрсетілгендей, ойын автоматы – құмар ойындарды өткізу үшін пайдаланылатын ойын жабдығының ішіне орналастырылған құрылғы болып танылады. Ойын терминалдарына көпфункционалды ақпараттық-бағдарламалық кешендер енгізіліп, терминалдар ақшаны қабылдауға және беруге арналған құрылғылармен жабдықталып, нақты уақыт режимінде серверге қосылады. Ғаламтордың онлайн желісіндегі қозғалыс статистикасы жадында сақталып отырған. Осылайша, «ойын бизнесінің» қаншалықты белсенді жүргізілгені, оған қатысушылар ауқымы дәлелденіп, аты аталған азаматтар бұлтартпас айғақпен алынды.
Осы үш істің жауапкерлері де Қызылорда қалалық сотының үкімімен бір жылға бас бостандығынан айрылып, мүліктері тәркілеуге ұшырады.
«Ойын бизнесін» анықтау үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізуде Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің офицерлері Нұрдәулет Ергешов пен Әскербек Баймаханов табандылық көрсетті. Ал тергеушілер Сәуле Айтмаханқызы және Азамат Есмағамбетов айыптау ісін жүргізу үшін апталап, айлап тер төкті.
Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің компьютерлік-технологиялық сараптама жасаушы бас маманы Руслан Тасымов сараптамалық зерттеу жүргізу үшін Қызылорда қаласына бірнеше мәрте сапарлап келді. Кәсіби мамандардың осындай жүйелі жұмыстары 40-тан аса қылмыстың ізін анықтап, заңсыз әрекет иелерін сотқа тартты.
Бақыт ОРДАНОВА,
Қызылорда облысы бойынша
мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы.