ДИМАШ ҚҰДАЙБЕРГЕН «ҚАЗПОШТА КЕЛБЕТІ» АТАНДЫ
Ұлттық пошта операторы қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайбергенмен ынтымақтастық байланыс орнатқанын жариялайды. Бұл туралы «Қазпошта» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
«Аз ғана уақыт ішінде өз кәсіби саласында аса зор табысқа жетіп, музыка тарихына өшпестей етіп өз есімін жазған, әлемдік деңгейдегі жарық жұлдызымыз Димаш Құдайбергенмен ынтымақтастық байланыс орнатқанымызды қуана жеткіземін. Әлем халықтарын өз шығармашылығымен ұйыта білген Димаш біздің компаниямыздың басты идеясын бейнелейді – түрлі елдер мен қалалардың халқын біріктіреді. Компания қашанда инновацияларға, технологиялар мен жоғары сапалы сервистерге ұмтылады. Қазпошта қазақстандықтардың қысқа уақыт ішінде барынша сапалы қызметтерді пайдалануы үшін жұмыс істейді. Мен біздің Димашпен ынтымақтастығымыздың табысты да қызықты болатынына сенемін, – деді «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов.
«Соңғы кездері мен Қазпоштаның қызметтерін жиі пайдаланамын, әлемнің түкпір-түкпірінен өз жанкүйерлерімнен хаттар мен сыйлықтар алып тұрамын. Мен еліміздің поштасының қызмет көрсету деңгейі мен даму қарқынына шын пейіліммен қайран қаламын. Әрине, Қазпошта әлеуметтік компания, ол қазақстандықтардың, тіпті ең шалғай ауылдарда пошталық және қаржылық қызметтерді алуға мүмкіндік береді, осылайша еліміздің барлық өңірлерін біріктіреді. Оның әлеуметтік рөлі және сонымен бірге заманауилығы мен технологиялылығы маған ұнайды. Мен Қазпоштаның одан әрі көркейіп, гүлдене беруін тілеймін», – деді Димаш Құдайберген.
«Қазпошта» АҚ ұлттық пошта операторы қазіргі күні пошталық, логистикалық және қаржылық қызметтердің кең спектрін ұсынады. Қазақстан бойынша ең ауқымды бөлімшелер желісі мен 23 мыңнан астам қызметкері бар компания жаңа қызметтер мен сервистерді енгізуді жалғастыра береді. Бөлімшелер мен сұрыптау орталықтары жаңартылып автоматтандырылды, 74 сәлемдемелер супермаркеті мен 130 поштамат жұмыс істейді. Осының бәрі тұрғындар мен бизнес үшін сервистің тиімділігін арттыруға және логистикалық қызметтер құнын арзандатуға мүмкіндік береді.