ХАЛЫҚ ТАЛҚЫСЫНАН ӨТКЕН МӘСЕЛЕ
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс атқарып жатқан топ мүшелерін қабылдады.
Отырыс барысында Президентке латын әріптері түріндегі қазақ әліпбиінің қоғамдық талқылау кезіндегі ұсыныстарды ескере отырып әзірленген бірыңғай стандартты жобласы таныстырылды.
Латын әліпбиіне көшу – тек бүгінмен өлшенетін дүние емес. Осыдан да қазақ тілінің жаңа алфавитіне қатысты мәселе көп талқысына түсуде. Біз де облыстық ақпараттық-насихаттық топтың өкілі ретінде халықпен кездестік. Жұрт пікірін білдік. Халық латын алфавитін қолдап отыр. Тіпті, Президент әкімшілігіне 300-ден астам ұсыныс келіп түсіпті. Ғылыми орта да, жастар да, қоғамдық ұйымдар да талқылаудан тыс қалған жоқ.
Көпшіліктің пікірі ескеріле отырып жасалған жаңа жобада тілдік ерекшелігімізге мән берілгені көрініп тұр. Бұған дейінгі ұсынылған нұсқада 26 әріп болса, жаңа жобада олардың қатары 32-ге жеткен.
Елбасы бұл жұмыстарды ұдайы назарда ұстайтынын жеткізіп, қазақ алфавитін латын әліпбиіне көшіру бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Нұрсәуле МҰСАЕВА,
облыстық «Тілдерді оқыту орталығының»
директоры.