ҚАҺАРМАН ТЕҢІЗШІНІҢ 70 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ
Бүгін әскери теңізші, 1-ші рангілі капитан Талант Әмитжанұлы Бөріқұлақовтың 70 жылдығы аудан көлемінде атап өтілді.
Алдымен аудандық тарихи-өлкетану мұражайынан арнайы бұрыштың ашылу салтанаты өтті. Теңіз тарланын ұлықтау №266 мектеп-лицейде салтанатты шарамен жалғасты. Онда аудан әкімі Нажмадин Шамұратов: «Тумысынан болмысы бөлек Талант Бөріқұлақовтың есімі Қазалы жұртшылығына кеңінен мәлім. Ал басқалардың бақыты үшін өз өмірін құрбан қылған батырдың ерлігі көпке үлгі. Таланттай ерен жүректі өр батырларымыз жаһандану заманындағы Алаш баласы үшін үлгі қылуға бірден-бір лайықты тұлға деуге болады» - деді.
Қоғам өмірінде ғасырлар құпиясы болып шегенделіп қалған оқиғалар аз болған жоқ. Мұндай оқиғалардың бірі 28 жыл бұрын Солтүстік теңізде орын алған болатын. ды. Әскери-теңіз оқу-жаттығу жиынында Отан алдындағы міндетін атқарып жүрген 69 ержүрек жауынгері бар №1 атом сүңгуір кемесі Норвегияның Медвежий аралының маңында 105 метр тереңдікте теңіз шыңырауына батып кеткен болатын.
Кешегі кеңестік заманда әскери-теңіз флоты саласында жай қатардағы матрос емес, лауазымдық шені жоғары қызметтегі әскербасылар арасында қазақ ұлтынан шыққан азаматтар саусақпен санарлықтай еді. Апатқа ұшыраған кемеде 1-ші рангілі капитан шеніндегі, әскери-теңіз құрамасы командирінің орынбасары қызметін абыроймен атқарған біздің жерлесіміз Талант Бөріқұлақов бар еді.
«Шын батыр сын үстінде танылады» деген. Тірі қалғандардың айтуынша, өртті алғаш байқап өшіруге кіріскен Талант Бөріқұлақов болыпты. Жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындағаны үшін қаза тапқаннан кейін Талант Бөріқұлақов «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталды.
Шара аясында батыр тұлғаға арналған «Қайсар ұлы қазақтың» кітабының тұсаукесері өтті. Қаһарманның өмірін, өшпес ерлігін насихат¬тау мақсатында жарық көрген кітап мектеп оқушыларына таратылып берілді.
Мұнан соң шараға қатысушы қонақтар әскери спорттық ойындардан аудандық жарысты тамашалады.