ҚАЗАЛЫДА СОҒЫС АРДАГЕРІН ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН РУХАНИ-ТАНЫМДЫҚ ШАРА ӨТТІ
Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылында соғыс және еңбек ардагері Қали Мәкеновтың 100 жылдығына арналған «Қасиетті, қадірлі Қали ағам!» атты рухани-танымдық шара болып өтті.
Шара шымылдығы Қали атаның өмірін бейнелейтін театрландырылған қойылыммен басталды.
Шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Нажмадин Шамұратов қазіргідей бейбіт заманда азаматтық арды ту етіп көтеріп, өз өмірлерін құрбан еткен Қалидай ерлердің әруақтары алдында терең ілтипат сезіммен бас иетіндігімізді, олардың көрсеткен ерліктері, бауырмалдық пен ынтымақтастық қасиеттері бүгінгі күнге дейін ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан үлкен құндылық екендігін айтты.
Мұнан соң соғыс ардагерінің өмір жолын баяндаған ардагер ұстаз Шарападин Алтынбаев Қали Мәкеновтың Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаевпен құрдас екендігін, майдан даласына бірге аттанғаны туралы деректерді баяндады.
Шара барысында Қ.Мәкеновтың үзеңгілес інісі Сақыбай Нармағамбетов, жақын інісі Бақыт Жүсіпов соғыс және еңбек ардагері туралы естеліктер айтса, ауыл ақындары ардагерге арналған арнау өлеңдерін оқыды.
Ұлы Отан соғысы жылдары әрбір бесінші қазақстандық майданға аттанғаны белгілі. Жерлестеріміз ұрыстарда батылдық, қайсарлық танытты, ал тылда қалған қарттар, әйелдер мен балалар күні-түні заводтар пен алқаптарда аянбай еңбек етіп, көптен күткен жеңісті жақындата түсті.
Ортақ Отанды қорғау үшін Қазалы ауданынан 10 770 азамат майданға аттанса, 6229 жауынгер ғана аман-есен елге оралған. Майдан даласында алдыңғы сапта тұрып, кеуделерін оққа тосқан жерлестіріміз Кеңес Одағы батырларының, «Отан соғысы» және «Қызыл жұлдыз» орден-медаль иегерлерінің арасында өз орындарын айқындады.
Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері алдында бүгінгіміз бен ертеңіміз үшін біз қашанда қарыздармыз» - деп атап өткеніндей, біз әрдайым майдангер ағаларымызға құрмет көрсетіп келеміз.
Қали Мәкенов те елге оралғаннан кейін бейбіт өмірдегі еңбек жолын «Жаңатұрмыс» колхозында председатель орынбасары, партия ұйымының секретары болып бастайды. Соғыстан кейінгі күйреген экономиканы қалпына келтіруде қажырлылық танытып, ауданның дамуына атсалысты. Бозкөл, сол кездегі Октябрь, Карл Маркс, Алға, Майдакөл ауылдық советтерінде егіс бригадирі, басқарма төрағасы, комитет председателі қызметтерін абыроймен атқарады.
Зейнетке шыққаннан кейін де ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, қоғамдық қызметтерге белсене араласты.
Қали Мәкеновтың 83 жасында аудандық мәслихат депутат болып сайлануының өзі – оның екінің бірінің қолынан келмейтін шаруалардың басы-қасында болып, ел жанашыры бола алғанын білдірсе керек.