ҚЫЗЫЛОРДАДА ДЭЮДОДАН МЫҚТЫЛАР АНЫҚТАЛДЫ
Қызылорда қаласында 7-8 қазан күндері қоғам қайраткері, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Болатбек Сүлейменовті еске алуға арналған дзюдодан 1998-1999 жылдары туған жастар арасында дәстүрлі халықаралық турнир өтті.
Биыл он жетінші мәрте ұйымдастырылған дүбірлі бәсекеде 260 татами шебері 16 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салды.
Болатбек Сүлейменов 1938 жылы Қармақшы ауданының Алдашбай ахун ауылында дүниеге келген. Көп жылдар бойы туған жерінде шаруашылықты басқарып, партия-совет қызметтерінде жүріп, аймақтың экономикалық-әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосқан құрметті азаматтардың бірі.
Қайраткердің Сыр бойы мәдениетін, оның ішінде жыраулық, палуандық өнердің қайта жанданып, өркендеуі жолындағы еңбегін де елі ұмытпайды.
Жарыстың салтанатты ашылуында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, Б.Бұлқышев атындағы Қазақстан жастар одағы және Ұлттық Олимпиада комитеті сыйлықтарының лауреаты Қыдырбек Рысбек, қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов жарысқа қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлер медаль, диплом, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.