ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІНІҢ ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Шымкент қаласында Салық кодексінің жаңа жобасын талқылауға арналған өңірлік семинар болып өтті. Семинарда Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының кәсіпкерлеріне жаңа жобаны таныстырылды.
Заңнамалық жаңа құжатты таныстыруға арналған басқосуды Қазақстан Республикасының салық төлеушілер ассоциациясы ұйымдастырды. Семинарда ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті мамандарының тобы Салық кодексінің әр бағытын таныстырды. Негізгі өзгерістер мен жаңа ережелер бойынша бірнеше хабарлама тыңдалып, қатысушылар тарапынан берілген сұрақтарға жауаптар берілді.
Талқылауға біздің облыстың әрбір ауданынан және Қызылорда қаласынан 30-дан астам салық төлеуші қатысып қайтты.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық экономика министрлігі салалық министрліктермен, «Атамекен» палатасымен бірлесіп, бизнес қауымдастықтың пікірін ескере отырып жаңа Салық кодексін әзірлеп, талкылауға ұсынған болатын.
Жаңа Кодекс салық салу идеологиясына жаңа көзқараспен жасалған, салық төлеушілерді қорғауға, экономиканың маңызды салаларын ынталандыруға, әкімшілік қызметті жеңілдетуге бағытталған.