ҚЫЗЫЛОРДАДА ИНКЛЮЗИВТІ БАЛАБАҚШАЛАР АШЫЛАДЫ
Қазір аймақтағы 791 мектепке дейінгі мекемеде 53 мыңдай балғын тәрбие алады. Салаға құйылған жеке инвестиция 70,8% құрап отыр. Тиімді әріптестік тетігін қолдану арқасында «Балапан» бағдарламасы мерзімінен бұрын орындалды. Енді алда 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндер мен өңірдегі мүмкіндігі шектеулі мың жарымдай балғынды бөбекжаймен қамту міндеті тұр. Мүгедектігі бар балалардың тек 24%-ы ғана инклюзивті балабақшаларға тартылған. Бұл мәселе 2020 жылға қарай толығымен шешіледі деп жоспарланып отыр.
- Біздің алдағы міндетіміз жекеменшік балабақшалардың үлесін арттыра отырып, бір және үш жас аралығындағы балаларды бөбекжайлармен қамту және дамуы шектеулі балаларды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында инклюзивті білім беруді қамтуды мақсат етіп қойдық,– дейді облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев.
Басқарма басшысының айтуынша қазір 3 жекеменшік балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар мемлекеттік балабақшалар желісі де дамиды.