ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ОҚУШЫЛАР ҚАЗАҚ АҚЫН-ЖАЗУШЫЛАРЫНЫҢ ШЫҒАРМАЛАРЫН ЛАТЫН ҚАРПІНДЕ ОҚЫДЫ
Қызылордалық мектеп оқушылары үшін халқымыздың классик ақын-жазушыларының алғашқы шығармаларын латын қарпінде оқуға мүмкіндік туып отыр.
Заманында қазақтың астанасы болған аймақта латын қарпінде басылған көне кітаптар көп. Құнды қолжазбалардың да қоры бай. Облыстық «Ақмешіт» тарихи-өлкетану мұражайындағы алтын қормен енді оқушылар да етене таныса алады.
Бұл музейде Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Есенберлин секілді ұлтымыздың ұлы жазушыларының 90 жыл бұрын жарық көрген шығармалары аз данада сақталған. Түпнұсқа еңбектер де бар. Соның бірі – Абай Құнанбайұлының 1929 жылы басылған өлеңдер жинағы.
Қазақ тілі пәнінің мұғалімі Нағиша Есбосын музейдегі кітаптарды топтастырып, түрлі тақырыптарға арналған оқуларды жиі ұйымдастырады.
- Мен оны балаларға тереңірек түсіндіру үшін «Қазақ тілі латын әрпімен кеше, бүгін, ертең» деген сабақ өттім. «Кеше» деген бөлігінде Қызылорда қаласындағы «Ақмешіт» мұражайындағы 1929-1940 жылдар аралығында латын графикасымен басылған тұстағы Абай мен Ілияс Жансүгіровтің өлеңдер жинағы және сол кездегі БАҚ-тағы материалдарды балалар сол жерде қолдарымен ұстап көріп, жазылған сөздерді оңай әрі қызыға оқыды,– деді ол.
Латын қарпі бүгінгі мектеп партасындағы балалар үшін қиындық тудырмайтыны анық. XXI ғасыр ақпарат пен технология заманы десек, еліміздің бұл бастамасы уақытында қабылданған дұрыс шешім екендігі сөзсіз.
- Латын графикасына көшу – заман талабы. Себебі латын графикасы жаңа технологиялық ортаның, білім мен ғылымның, коммуникацияның ерекшелігіне айналып отыр. Жаңа қаріп біз үшін әлемге есік ашады,–дейді облыстық дарынды балаларға арналған лицей-интернаттың оқушысы Айгерім Жақсылық.