ҚАЗАЛЫ ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫН
Аудан әкімдігінің мәжілісінде аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ш.Сыдықов Қазалының жылу маусымына дайын екендігін мәлімдеді.
Қазіргі таңда барлық білім беру ұйымдарының жылу қазандықтарына ағымдағы жөндеу жұмыстары толығымен жүргізілді. Сонымен қатар, ескірген жылу жүйелерінің жекелеген бөліктері ауыстырылды. Әйтеке би кентіндегі 4 мектеп (№234, 249, 165, 170), 5 балабақшаның (Балапан, Алпамыс, Шұғыла, Балдырған, Айгөлек) және тарихи өлкетану мұражайы мен спорт кешенінің бу қазандықтары газ өнімдеріне бейімделді.
«Қазалы-Теміржолжылу» филиалы барлығы 86 мекеме, оның ішінде 12 теміржол, 52 тараптық, 22 бюджетке қарасты мекемелерін және 3 бес қабатты, 21 екі қабатты тұрғын үйлерді және 161 жеке тұрғындарды жылу энергиясымен қамтамасыз етеді.
Мәжіліс барысында аудан әкімі Нажмадин Шамұратов қыс мерзіміне дайындық жұмыстарын пысықтауды тапсырды.