ТУРИСТІК ЭКСПЕДИЦИЯ ТАНЫМДЫҚ ШАРА ӨТКІЗДІ
«Дүниежүзілік туризм күні» аясында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бастамасымен Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарына туристік экспедиция ұйымдастырылып, жастардан жасақталған топ тарихи маңызы бар ескерткіштер мен мұражайларды аралады.
Экспедиция құрамындағы орта және жоғарғы оқу орындарының 50-ден астам студенті Арал қаласындағы Ә.Нұрпейісовтің әдеби, шығармашылық мұражай үйі мен балықшылар мұражайын аралап, Әйтеке би кентіндегі «Жанқожа баба» кесенесінде болды.
Жастар экспедициясы Қармақшы ауданындағы «Қорқыт Ата» кешені мен этноауылды тамашалаумен аяқталды.
Сондай-ақ, олар аудандардың мұражай алаңдарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Жаңғырған жастар» ұранымен концерттік іс-шара өткізді.
Іс-шараға белсене қатысқандарға алғыс хат пен сертификаттар беріліп, түрлі сыйлықтар жасалды.