ОРАЛМАНДАР МӘСЕЛЕСІ ОҢ ШЕШІЛІП КЕЛЕДІ
Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәжіліс залында «Оралман мәртебесін беру» қызметі мен оралмандарға көрсетілетін әлеуметтік-құқықтық қолдау шаралары бойынша дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстел отырысына «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы өкілдері, мүдделі басқармалардың жауапты қызметкерлері, оралмандар, бұқаралық ақпараттық құралдарының өкілдері шақырылды.
«Оралман мәртебесін беру» мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің «Әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарттарын бекіту туралы» 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 279 бұйрығымен және «Оралман мәртебесін беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламентін бекіту туралы» облыс әкімдігінің 2015 жылғы 24 тамыздағы №130 қаулысымен бекітілген.
Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі мемлекеттік корпорацияға немесе көрсетілетін қызметті берушіге құжаттардың толық топтамасын тіркеген сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні деп көрсетілген. Басқармада қызмет көрсету бойынша бұл мерзімді бұзу фактісі орын алмаған.
«Оралман мәртебесін беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет туралы ақпаратты басқарманың aleumet.e-kyzylorda.gov.kz, Қызылорда облысы әкімдігінің e-kyzylorda.gov.kz интернет-ресурстары, Қазақстан Республикасының egov.kz электронды үкімет порталы және ҚР-ның бірыңғай байланыс орталығы 1414 арқылы білуге болады.
Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында 2017 жылдың басынан «Оралман мәртебесін беру» қызметі бойынша 18 өтініш (35 адам) тіркелген. Барлығы мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша филиалының қалалық және аудандық бөлімшелері арқылы келіп түскен.
Қызмет алушылардың 27 адамы Өзбекстан Республикасынан келсе, 7 қандасымыз Қытай Халық Республикасынан қоныс аударған. Олардың өтініштері қанағаттандырылып, қызмет көрсету нәтижесі бойынша кәмелет жасындағы 23 қандасқа оралман куәліктері берілді.
Шара барысында қызмет алушыларға тіркеуге тұру, ҚР азаматтығын алу, жер, тұрғын үй кезегіне тұру, жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, басқа да құқықтық мәселелері бойынша ақпараттық түсіндірмелер берілді.