ЖАҢАҚОРҒАНДА СИЫРДЫҢ СИРЕК ТҰҚЫМЫ БАҒЫЛУДА
Жаңақорғандық Керімхан Егізбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жеке кәсібін ашқан азаматтардың бірі. «Агротехнология» шаруа қожалығын құрған ол ғылым мен кәсіпті ұштастыруға ден қойды. Осы мақсатта өткен жылдың желтоқсан айынан бастап «Байқоңыр әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен» бірігіп «Orda Агротехнология» серіктестігінің негізін қалады.
Кәсіпкердің иелігінде 1980 гектар жер және 344 бас мүйізді ірі қара малы бар. Оның ішінде 150 бас асыл тұқымды санта-гер-труда қашарлары. Бұл тұқымдар аталған шаруашылыққа мұхиттың арғы бетіндегі Америка құрама штаттарынан әкелінген. Суық пен ыстыққа төзімді сиырлар 12-18 айлығында 250 келіден аса ет береді. «Санта-гер-труданың» тағы бір ерекшелігі шөп талғамайды және барлығының түстері бірдей, терісі қалың. Шыбын-шіркей мен маса, кенелерден келетін кеселді көп елей бермейді.
Зеңгібабаның бұл тұқымы Қазақстан бойынша Алматы облысы мен Жаңақорған ауданында ғана бағылуда. Қысқасын айтқанда Қызылорданың климатына арналған ірі қаралардың пайдасы шаш еткен. Алдағы жылдары алдымен ауданды, сонан соң өзге облыстарды етпен қамтуға болады дейді шаруашылық басшысы.
Сонымен қатар «Orda Агротехнология» ЖШС мал өсіруден бөлек күріш өсіруді де жолға қойған. Шаруашылықта ғылым жетістіктерін түбегейлі енгізуге көптеген жұмыстар атқарылуда. Жаңа технология мен иновацияны қатар қолданған дихандар әрдайым ізденісте. Содан болар күріштің гектарлық түсімділігі көбейген. Жоңышқа, жүгері, күздік бидайдың жаңа түсімді сорттары енгізілген. 2016 жылы күріштің «Ай-Керим» сорты шығарылып өндіріске енгізілді. «Ай-Керим» сорты өткен жылы 1 гектерлық түсімділігі 105 ц/га, жармалық шығымдылығы 71 пайызды құрады. Биылғы жылы 5,4 га жерге егіліп, одан гектарына 100 ц/га өнім болатындығы анықталып отыр. Келесі жылы осы сорт 250 гектарға ұлғайтылмақшы.